
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс барысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормаларын қолдануға арналған оқыту семинары өтті.
Іс-шараға министрліктің орталық аппаратының жауапты тұлғалары мен қызметкерлері, сондай-ақ ведомстволар мен ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинардың спикері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті өтініштермен жұмыс бөлімінің аға прокуроры Алдияр Шыңғыс болды. Ол өз баяндамасында түрлі өтініш түрлерін қарау кезінде пайдаланылатын қолданыстағы әкімшілік заңнама нормаларын жан-жақты түсіндірді.
Семинар аясында өтініштерді қарау мерзімі, оларды құзыретіне қарай мемлекеттік органдарға жолдау, тыңдау рәсімдері, сондай-ақ анонимді және қайталанатын өтініштерді қабылдау тәртібі бойынша мәселелер қаралды.
Іс-шара қорытындысы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен өзара ынтымақтастықты нығайтып, өтініштермен жұмыс барысында заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайтынын жеткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі