«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының жобасы онлайн талқыланды

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының жобасы онлайн талқыланды

2020 жылғы 21 қазанда Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Л.Рамазанованың модераторлығымен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы онлайн талқыланды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары А. Нұркина, И. Смирнова, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Э. Әзімова, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы заң жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш. Байманов, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Л.Рамазанова қазіргі уақытта заң жобасына байланысты жалған ақпарат көп екенін атап өтті. «Жаңа заң жобасы құқықтық айқындылық қағидатына сәйкес келуі және түрлі пікірлер тудырмауы тиіс», - деп атап өтті Л.Рамазанова.
Парламент Мәжілісінің депутаты, заң жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі А.Нұркина Заң жобасының жаңалықтары туралы, сондай-ақ дау тудыратын мәселелер бойынша толық түсініктеме берді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.Байманов аталған заң жобасының маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. «Заң жобасы отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті органды айқындауды және оның отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құзыретін бекітуді көздейді», - деді Ш.Байманов.
Сондай-ақ, талқылау барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы өзекті мәселелер мен проблемалар көтерілді. Пікірталастың барлық қатысушылары отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуде мемлекеттік органдардың нақты ведомствоаралық өзара іс-қимылын құру қажеттілігін атап өтті.