«Қазақконцерт» сахнасында классикалық музыка жауһарлары орындалды

«Қазақконцерт» сахнасында классикалық музыка жауһарлары орындалды

Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің концерті өтті. Өнерпаздар әлем классикасының жауһарларын орындады.

Кеш дирижері – Роберто Готтипаверо, Венеция консерваториясының ректоры, симфониялық репертуарды кәсіби меңгерген және музыкалық драматургияны шебер сезіне білетін танымал педагог. Сонымен қатар ол – Р. Готтипаверо Дебюсси, Шостакович, Гершвин және Бах сияқты әйгілі композиторлардың оркестрлік және аспаптық туындыларын фортепианоға бейімдеген танымал транскриптор әрі аранжировщик. Маэстро әр жылдары түрлі камералық және симфониялық оркестрлермен өнер көрсетіп, Венециядағы Ла Фениче театрында бірқатар еуропалық музыкалық премьераларды ұсынады.

Бұл кеште маэстроның жетекшілігімен ХХ ғасырдың танымал туындыларының бірі – Дмитрий Шостаковичтің Бесінші симфониясы орындалды. Симфония төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – күрес пен драмалық шиеленіс, екіншісі – ирония мен сатираның көрінісі, үшінші бөлім – терең мұң мен ішкі толғаныс, ал төртінші бөлім – рух мен үмітке арналады.

Сондай-ақ концертте италиялық пианист Чечелия Франчини өнер көрсетті. Ол Нино Ротаның фортепиано мен оркестрге арналған концертін ұсынды. Оның концерттері Еуропаның ең беделді сахналарында өтеді, ал шеберлік сабақтары мен жеке концерттері Швейцария, Германия, Австрия, Испания, Румыния, Мажарстан және Қазақстанда сұранысқа ие.

Айта кетейік, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстандағы жетекші музыкалық ұжымдардың бірі. Оркестр 1991 жылы Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсахаджаеваның бастамасымен құрылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі