«Большая опера» жеңімпазы Ксения Нестеренко «Травиатада» атақты Виолетта рөлін сомдайды

«Большая опера» жеңімпазы Ксения Нестеренко «Травиатада» атақты Виолетта рөлін сомдайды

Биыл 2 қараша күні «Астана Опера» сахнасында Дж.Вердидің «Травиата» спектакліндегі Виолетта Валеридің негізгі партиясында арнайы шақыртумен келген солист, «Большая опера» танымал тележобасының Гран-при иегері Ксения Нестеренко сахнаға шығады.

Ксения Монакодағы «Опера Монте-Карло» театрында тағылымдамадан өтіп, нәтижесінде ол Италияның Триест қаласындағы «Piccolo Festival» іс-шарасына қатысуға шақырту алған. Сондай-ақ ол Нью-Йорктегі Manhattan International Music Competition екінші байқауының І дәрежелі лауреаты және Gold Prize арнайы жүлдесінің иегері атанған.

Бұдан бөлек, әнші Беларусьтегі Үлкен театрда өткен «Минск халықаралық рождестволық вокалистер байқауында» Гран-при иеленген. Ол мұнда да арнайы жүлделерді қанжығасына байлап, «Рейндегі Неміс Операсы» театрына шақырту алды.

Бұл кеште елордалық өнерсүйер қауым Ксения Нестеренконың өнерін тамашалай алады. Сопрано әншісінің репертуарындағы ең айшықты партиялардың бірі үш түрлі вокалдық қабілетті талап етеді. Ол бірінші актіде колоратуралық әсем үнді, екінші актіде лирикалық нәзіктікті, ал спектакльдің соңында терең драматизмді үйлестіре отырып, біртұтас көркем туынды жасайды. Ксения Нестеренко Виолеттаның эмоциясын, оның психологиялық тереңдігі мен ішкі жан дүниесін көрерменге асқан шеберлікпен жеткізері анық.

Кеште Александр Дюманың «Камелия ұстаған ханым» әйгілі романының желісі бойынша жасалған сюжет кейіпкерлерін «Астана Опера» опера труппасының дарынды солистері сомдайды. Атап айтсақ, Альфред Жермонды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, ал оның әкесі Жорж Жермонды Расул Жармағамбетов ойнайды. Флора Бервуа рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская, Барон Дюфоль – Ержан Саипов, Виконт Гастон де Леторьер – Бейімбет Таңарықов, Маркиз д’Обиньи – Болат Есімханов, Дәрігер Гренвиль – Шыңғыс Расылхан, Аннина – Ұлпан Әубәкірова, Джузеппе – Әлихан Зейнолла сомдаса, Коммисионердің партиясын орындауға Сұлтан Бақытжан дебютпен шықпақ.

Театрдың симфониялық оркестрі, хоры, опера солистері, балет және миманс әртістері Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруымен өнер көрсетеді. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі