
«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры оныншы маусымының ашылуына орай «Мюзикл әлеміне саяхат» атты арнайы мерекелік концерт ұйымдастырды.
Кеш барысында танымал мюзиклдердің ең үздік көріністері іріктеліп, көрерменге ұсынылды. Сахна шеберлерінің қатысуымен өткен ерекше қойылымдар, керемет хореография мен естен кетпес музыка көпшілік көңілінен шықты. Атап айтқанда, «Достар серті», «Роза Бағланова», «Алдар көсе» және әлемге әйгілі «Moana», «Mamma Mia», «Мemphis», «Season of love», «Waitress», «Hamilton», «Moulin Rouge», «Romeo and Juliet», «Beauty and the Beast», «Notre Dame de Paris», «Aladdin» сынды мюзикл үзінділері орындалды.
Театр репертуарында бұдан бөлек «Астана - менің махаббатым» спектаклі, балаларға арналған «Ер Төстік» ертегісі, «Жырлайды жүрек», «Мен сағындым...» поэтикалық спектакльі, «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі, Рэй Кунидің әйгілі «№13» комедиясы, «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық перформансы, «Сиқырлы сазды хор-концерт», «Сынақ» драмасы, «COVID-19» перформанс-қойылымдары бар.
Әлемдік мюзиклдер «Ромео мен Джульетта» және «Notre Dame de Paris» спектакльдері алғаш рет қазақ тілінде қойылып, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Халыққа ұнаған театр жобаларын шетел сарапшылары да жоғары бағалады.
Театр әлем елдерінің мәдени астаналарында өнер көрсетіп, халықаралық фестивальдерде үлкен табыстарға жетті. Мәселен, «Роза Бағланова» мюзиклі Оңтүстік Кореяда «Үздік халықаралық мюзикл» деп танылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі