
«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан әлемдік турнені сәтті аяқтады. Әртіс Жапония, Австралия, Жаңа Зеландияның ірі сахналарында өнер көрсетті.
Жетістік марафоны шілдеде басталып, Бақтияр Адамжан «Роберто Болле және достары» (Roberto Bolle and Friends) беделді жобасы аясында Жапонияның Осака қаласында сахнаға шықты. Сол кешке бірінші деңгейлі әлемдік жұлдыздар қатысты. Өнерпаздың «Экспо-2025» көрмесі аясында өнер көрсетуіне италиялық тарап сеп болған.
Бақтияр Адамжан тамыз бойы Жасыл құрлықта өнер көрсеткен. Ол Австралия мен Жаңа Зеландияның VI Ballet International Gala ірі балет жобасының хедлайнері атанды. Онымен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен танымал бишілер, оның ішінде Яна Саленко мен жас балерина Эбби Хансен де сахнаға шықты.
Қазақстандық өнерпаздың кәсіби шеберлігі мен дарыны әлемде сұранысқа ие. Биші енді Қытайға бармақ. Қазан айында Бақтияр Адамжанды әлемдік деңгейдегі прима-балерина, Англия ұлттық балетінің бас бишісі Алина Кожокару арнайы шақырды. Оның авторлық кештері Макао, Шанхай, Бейжің және Гуанчжоу сынды аспан асты елдерінің ірі сахналарында өтеді. Ал қарашада Бақтияр Дубайға аттанып, гала-концертте өнер көрсетеді.
Бақтияр Адамжанның шеберлігі мен халықаралық деңгейдегі мансабы – жас әртістер үшін үлгі. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әлемдік аренада танылып, елдің мәдени имиджін қалыптастыруға үлес қосып жүрген дарынды өнерпаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі