
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Л. Рамазанованың модераторлығымен 2020 жылғы 22 қыркүйекте «Карантин кезіндегі мектеп: балалар білімі мен жұмысты қалай қатар алып жүруге болады?» тақырыбында Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде онлайн-талқылау өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш. Байманов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мектеп оқушыларының ата-аналары қатысты.
Онлайн кездесу барысында қатысушылар бала тәрбиесі, онлайн білім сапасы, жұмыс пен балалардың біліміне қатар көңіл бөлу мәселелерін кеңінен талқылады.
Ш. Байманов министрліктің отбасылық саясат саласында іске асырылатын гранттық жобалары туралы айтып, келесі жылы пандемия жағдайы ескеріліп, жобалар форматы қайта қаралатынын атап өтті.
Сонымен бірге, карантин уақытында жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы хабарланды. Дәстүр бойынша әйелдер балалармен көбірек уақыт өткізеді. Олардың 72,7%-ы тұрақты түрде балалардың қасында болады. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 40,6%-ға тең. Қазіргі отбасыларда балаларға, ең алдымен, еңбекқорлық пен үлкендерге деген құрмет құндылықтары үйретіледі. Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуі ел жастарының тыныс-тіршілігіне де әсер етті. Респонденттердің үштен бірінен көбі (37,5%) олармен бірге тұратын адамдар арасындағы қатынастардың нығайғанын атап өтті. Қашықтықтан білім беру танымал білім беру практикасының біріне айналғанына қарамастан, сауалнамаға қатысқан жастардың жартысынан көбі дәстүрлі оқуды қалайды. Респонденттердің 27,9%-ы әдеттегідей оқу "ыңғайлы" екенін атап өтсе, 27,5%-ы дәстүрлі оқыту "қызықты", өйткені адамдармен тікелей байланыс бар,- деп жауап берді.