Ұлттық мәдени игiлiк объектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн қалыптастыру және жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімін (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім) қалыптастыру және жүргізу тәртібін анықтайды. 2. Мемлекеттік тізілім ұлттық мәдени игілік объектілері (бұдан әрі – ҰМИО) сақтау және оларға ерекше режимін беру мақсатында жүргізіледі. 3. Мемлекеттік тізілімге елдің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызды ҰМИО жайлы мәліметтер енгізіледі. 2-тарау. Ұлттық тізбені қалыптастыру және жүргізу тәртібі 4. Мемлекеттік тізілімді мәдениет саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – Уәкілетті орган) осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде, қағаз және электронды нұсқада жүргізеді. 5. Уәкілетті орган өтінімдерді қабылдағанға дейін 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын өзінің интернет-ресурсында тиісті ақпарат орналастырады. 6. Мемлекеттік тізілімге мәліметтер: 1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі – ЖАО) материалдық мәдени құндылықтарға ие, елдің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызды ҰМИО (бұдан әрі – ҰМИО туралы мәліметтер) туралы мәліметтері көрсетілген хаттары; 2) жеке тұлғаның ҰМИО туралы мәліметтері көрсетілген қолдау хаттары; 3) заңды тұлғаның ҰМИО туралы мәліметтері көрсетілген қолдау хаттары негізінде енгізіледі. 7. ЖАО, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар Мемлекеттік тізілімге енгізу үшін уәкілетті органға осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша ҰМИО туралы мәліметтерді жолдайды. ҰМИО туралы мәлімет келесі ақпараттардан тұрады: 1) ҰМИО толық атауы; 2) ҰМИО сипаттамасы; 3) ҰМИО жасалған күні; 4) ҰМИО мәліметтері; 5) ҰМИО шығу тегі; 6) ҰМИО орналасқан жері; 7) ҰМИО фотосуреті. 8. Уәкілетті орган ҰМИО туралы мәліметтерді түскен күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннің ішінде қарастырады. 9. ҰМИО туралы мәліметтер уәкілетті органның жанынан құрылған Мәдениет мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссия мүшелеріне (бұдан әрі – Комиссия) ұсынымдар алу үшін жолданады. 10. Комиссия ҰМИО-де елдің тарихы мен мәдениеті үшін ерекше мәннің болуы немесе болмауы туралы ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылдайды және оларды хаттамамен ресімдейді. 10-1. Уәкілетті орган Комиссия хаттамасының негізінде осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзім iшiнде келесі шешімдердің бірін: 1) Мемлекеттік тізілімге ҰМИО туралы мәліметтер енгізілетіні; 2) Ел тарихы және мәдениеті үшін ерекше маңызды болмағандықтан, ҰМИО Мемлекеттік тізілімге енгізілуге жатпайтыны жөнінде шешім қабылдайды. 11. ЖАО, жеке және заңды тұлғалар ҰМИО туралы мәліметтер бойынша осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды не (немесе) мәліметтерді толық ұсынбаған жағдайда уәкілетті орган оны қараусыз қалдыруға құқылы. 12. Уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы ЖАО, жеке және заңды тұлғаларға хабарлайды. 13. ҰМИО Мемлекеттік тізілімнен шығару ҰМИО-ның толық түгел жойылғандығы туралы немесе оның ел тарихы және мәдениеті үшін ерекше маңызы болмай қалғандығы жайлы ЖАО-ның хаты немесе жеке және заңды тұлғалардың қолдау хаттары негізінде іске асырылады. 14. Уәкілетті орган Мемлекеттік тізілімге енген немесе шығарылған ҰМИО туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының сұрауы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен белгіленген тәртіпте және мерзімде ұсынады. 15. Уәкілетті орган ҰМИО туралы өзектендірілген мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жылына екі рет, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша – 10 шілдеден кешіктірмей, жылдың қорытындысы бойынша – келесі жылдың 10 қаңтарынан кешіктірмей ұсынады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 278 және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 85 бірлескен бұйрығымен бекітілген Мәдениет саласындағы уәкілетті орган елдің тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар және Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген материалдық мәдени құндылықтарға ие жеке тұлғалар жөніндегі мәліметтерді ұсыну қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 156492 болып тіркелген) 3-тармағына сәйкес мәліметтер электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы электрондық құжат түрінде жолданады.Дата публикации
23 февраля 2024