"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның жобасы

Жоба

 

 

 

 

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ЗАҢЫ

 

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

  1. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне:

1) 48-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

«5. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылау осы Кодекске немесе «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.»;

2) 63-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргiзу тәртiбi осы Кодексте немесе «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.».

  1. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

1) 4-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 31-1) тармақшамен толықтырылсын:

«31-1) петиция – мемлекеттік органға электрондық нысанда жіберілген және осы Кодекстің 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс;»;

2) мынадай мазмұндағы 12-1-тараумен толықтырылсын:

«12-1-тарау. ПЕТИЦИЯ

90-1-бап. Жалпы ережелер

  1. Петицияны мемлекеттік орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен қарайды.
  2. Осы тараудың мақсаты үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен петиция берген Қазақстан Республикасының азаматы арыз иесі деп түсініледі.

90-2-бап. Петицияны беру тәртібі

  1. Арыз иесі петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын интернет-ресурс (бұдан әрі – интернет-ресурс) арқылы береді.
  2. Петицияны интернет-ресурста көпшілікке қолжетімді етіп орналастыру үшін петиция мынадай:

1) берілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының кемінде жүз елу азаматының петицияға қосылуы;

1) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекітетін Петицияны мақұлдау, тіркеу және есепке алу қағидаларына сәйкес петицияның берілген күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасының кемінде жүз елу азаматының мақұлдауы;

2) петицияның осы Кодекстің 90-3, 90-4-баптарында белгіленген талаптарға сәйкестігі;

3) петиция берілген кезде интернет-ресурста сол нысана туралы петицияның болмауы шарттарына сәйкес келуге тиіс.

  1. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петиция берілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде петицияның осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.

Петицияның осы Кодекстің 90-4-бабында көрсетілген шарттарға сәйкестігін анықтау қажет болған кезде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберуге құқылы.

  1. Петиция осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияның осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келмейтіні анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылдамау себептерін негіздей отырып, петицияны қабылдамайды, арыз иесі бұл туралы хабардар етіледі.
  2. Петиция осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияның осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігі анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарының қосылуын бастау үшін петицияны интернет-ресурста орналастырады, арыз иесі бұл туралы хабардар етіледі.
  3. Қосылу қорытындысы бойынша петицияны интернет-ресурста орналастырғаннан кейін алты ай ішінде:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде елу мың дауысын;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде екі пайызын;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде бір пайызын;

қалалық, аудандық жергілікті өкілді органның құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан астам болған кезде халық санынан азаматтардың кемінде елу мың дауысын, қалғандары үшін халықтың кемінде он пайызын;

ауылдың, кенттің, аудандық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) ауданның, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан астам болған кезде халық санынан азаматтардың кемінде екі мың бес жүз дауысын, қалғандары үшін халықтың кемінде бес пайызын алған петиция қолдау тапқан болып есептеледі.

  1. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген шекті мәнге қол жеткізілмеген петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петиция интернет-ресурста көпшілікке қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай өткен соң арыз иесіне қайтарады.

90-3-бап. Петицияға қойылатын жалпы талаптар

Петицияда:

1) арыз иесінің немесе оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, электрондық мекенжайы;

2) арыз иесі өкілінің тиісті өкілеттіктерін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (егер петицияны оның өкілі берсе);

3) петиция нысанасының сипаттамасы, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша дәлелдер мен ұсыныстар;

4) арыз иесінің немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы көрсетіледі.

Қажет болған кезде арыз иесі петицияға растайтын құжаттарды және (немесе) өзге де материалдарды қоса береді.

90-4-бап. Петицияның нысанасы бола алмайтын мәселелер

Мыналар:

1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғуы, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіруі мүмкін;

2) тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі қағидаттарын және оның мәртебесін өзгерту;

3) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мен шекарасы;

4) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот төрелігі;

5) прокуратура органдарының қызметі;

6) қылмыстық-атқару заңнамасы;

7) сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру, құқық қорғау қызметі;

8) азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама;

9) қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау;

10) рақымшылық және кешірім жасау;

11) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті Палаталары мен Үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;

12) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау;

13) сайлау және республикалық референдум туралы заңнамада реттелетін мәселелер;

14) мемлекеттік рәміздер;

15) мемлекеттік тілдің мәртебесі;

16) мемлекеттік органдардың функцияларын өзгерту;

17) төтенше жағдай және (немесе) төтенше ахуал режимдерінің қолданылуы шеңберінде қабылданатын шешімдердің күшін жою және оларды өзгерту туралы мәселелер петицияның нысанасы бола алмайды.

90-5-бап. Петицияны қабылдау, тіркеу және есепке алу

  1. Осы Кодекстің 90-2-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген шекті мәнге қол жеткізілген кезде петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияны қарау өкілеттігіне кіретін мемлекеттік органға жібереді, бұл туралы арыз иесі электрондық нысанда хабардар етіледі және ол туралы ақпарат петицияны жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырылады.
  2. Петиция міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға жатады.

Петицияны қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

  1. Петицияны тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекітетін Петицияны мақұлдау, тіркеу және есепке алу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

90-6-бап. Петицияға қосылу

  1. Петицияға қосылуды Қазақстан Республикасының азаматтары электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыра отырып, интернет-ресурста жүзеге асырады.

Петицияға қосылу Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес берілетін өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім берген жағдайда жүзеге асырылады.

  1. Петиция интернет-ресурста көпшілікке қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай ішінде петицияға қосылуға болады.
  2. Қазақстан Республикасы азаматының петицияға қосылуға және (немесе) оған комментарийді интернет-ресурста көпшілікке қолжетімді етіп орналастыру арқылы оған деген көзқарасын білдіруге құқығы бар.

90-7-бап. Петицияны қарау тәртібі мен мерзімі

  1. Петицияны қарау кезінде мемлекеттік орган:

1) петицияда жазылған фактілерді тексеруді талап етпейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асырады;

2) арыз иесін және мүдделі адамдарды шақырып және өткізу басталғанға дейін күнтізбелік үш күн бұрын өткізу күні мен орны туралы міндетті түрде хабардар ете отырып, шешім жобасын жария талқылауды жүргізеді;

3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін енгізе отырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады;

4) петицияға келіп түскен комментарийлерді, сондай-ақ петиция нысанасы бойынша экономикалық, әлеуметтік, статистикалық және өзге де қажетті өзге де ақпаратты талдайды;

5) шетелдік тәжірибені зерделейді және салыстырмалы-құқықтық талдау (егер петиция нысанасы Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап еткен жағдайда) жүргізеді.

  1. Петицияны қарау мерзімі мемлекеттік орган петицияны тіркеген күннен бастап алпыс жұмыс күнінен аспайды.
  2. Петицияны қарау мерзімі мемлекеттік органның бірінші басшысының уәжді шешімімен ақылға қонымды мерзімге, бірақ петицияны дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажеттігіне орай жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы арыз иесі мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

90-8-бап. Петицияны қарау нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері

  1. Петицияны қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысы:

1) петицияны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

2) петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін қабылдайды.

  1. Шешім мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша қабылданады.

Шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе петиция берілген тілде мазмұны бойынша негізделген және уәжделген болуға, арыз иесінің және петицияға қосылған Қазақстан Республикасы азаматтарының қабылданған шешімге шағым беру құқықтары түсіндіріле отырып, олардың дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.

  1. Шешім интернет-ресурста шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орналастырылады.

Петицияны қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысы ресми түрде хабарлауға міндетті.».

  1. 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексіне:

190-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

«8. Қоғамдық экологиялық бақылау «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.».

  1. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

21-бапта:

1-тармақ мынадай мазмұндағы 5-1), 5-2), 5-3) және 5-4) тармақшалармен толықтырылсын:

«5-1) петицияларды ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысуға;

5-2) өзінің немесе сайлаушылардың атынан петиция жазуға;

5-3) жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша петициялар жазу жөнінде ұсынымдар мен консультациялар беруге;

5-4) мемлекеттік органдардың петицияларды қарауы бойынша мониторинг жүргізуге;»;

2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) өз округі сайлаушыларымен тұрақты байланыс жасауға, оларға мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының қызметі, мәслихат шешімдерінің орындалуы, петицияның қаралуы туралы, сондай-ақ өзінің депутаттық қызметінің барысы туралы жылына кемінде бір рет хабарлап отыруға, мәслихат шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруға және бақылау жасауға қатысуға;».

  1. «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

57-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«57-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау

Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.».

  1. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 2010 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

41-бап мынадай мазмұндағы 1-2-тармақпен толықтырылсын:

«1-2. Қоғамдық бақылау «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.».

  1. «Кәсіптік одақтар туралы» 2014 жылғы 27 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 16-баптың 1-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«7) осы Заңға және «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;»;

2) 20-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

«5. Қоғамдық бақылау «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.».

  1. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 6-2-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 13-1),                                               13-2) тармақшалармен толықтырылсын:

«13-1) ашықтық стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

13-2) ақпарат иеленушілердің ашық отырыстарына қол жеткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;

2) 9-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген міндеттерге қосымша ретінде орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасының қорғаныс, сыртқы істер министрліктерін қоспағанда) басшылары, әкімдер мен ұлттық жоғары оқу орындарының басшылары халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беруге міндетті.»;

3) 10-бапта:

3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) ашық отырыстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету;»;

мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

«7-1) ашықтық стандарттарын әзірлеу;»;

4) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«13-бап. Ашық отырыстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету

  1. Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және орталық атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасы облысының, республикалық маңызы бар қаласының, астанасының, ауданының (облыстық маңызы бар қаласының) жергілікті өкілді және атқарушы органдарының алқалы органдарының отырыстары, жабық отырыстарды қоспағанда, ашық және ақпарат пайдаланушыларға қолжетімді болып табылады.
  2. Қол жеткізу шектелген ақпарат санатына жататын мәселелерді қарау кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда отырыстар ақпарат пайдаланушылардың қатысуынсыз жабық режимде өткізілуі мүмкін.
  3. Ашық отырысты өткізу орны, күні, уақыты және форматы туралы ақпарат, күн тәртібі, дайындауға жауапты адамның байланыс деректері ақпарат иеленушінің ресми интернет-ресурсында үш жұмыс күні бұрын, бірақ ол басталғанға дейін 24 сағаттан кешіктірілмей жарияланады.
  4. Ашық отырыстарды дайындау және өткізу, оларға ақпарат пайдаланушылардың қатысуы, отырыстардың құжаттары мен материалдарына қол жеткізу, қабылданған шешімдерді жариялау тәртібі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган бекітетін ақпарат иеленушілердің ашық отырыстарына қол жеткізу қағидаларында айқындалады.
  5. Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы облысының, республикалық маңызы бар қаласының, астанасының, ауданының (облыстық маңызы бар қаласының) жергілікті өкілді органдары ашық отырыстарды, ал мемлекеттік органдар жыл қорытындысы бойынша өткізілетін алқаларды онлайн режимде трансляциялауды қамтамасыз етеді.»;

5) мынадай мазмұндағы 17-1-баппен толықтырылсын:

«17-1-бап. Ашықтық стандарттары

Ашықтық стандарттары – қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген, ақпаратқа қол жеткізуді және ақпарат иеленушілер қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдар жүйесі.».

 

2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

         Президенті

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның жобасы
Дата публикации
25 июня 2021