«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы ақпарат
2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында жыл сайын 3 млн теңге көлемінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріледі.
Грант берудің мақсаты - белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік қолдау.
Грантқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда)Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады.
Грант мынадай 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі:
1. «Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
2. «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
3. «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
4. «Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
5. «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
6. «Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.
Грантты іске асырудың барлық жылдарында 183 жас грант иегері атанды (2021 ж.-30 грант, 2022 ж.-33 грант, 2023 ж.-30 грант, 2024 ж. – 30 грант, 2025 ж. – 30 грант, 2026 ж. – 30 грант).
Конкурстық өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 21 сәуір мен 21 маусым аралығында жүзеге асырылды. Аталған кезеңде 2200-ден астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде конкурстық комиссияның қарауына 1745 өтінім жіберілді («Бизнес» - 663 өтінім, «Ақпараттық технологиялар» - 383 өтінім, «Ғылым» - 218 өтінім, «Мәдениет» - 174 өтінім, «Медиа» - 158 өтінім, «Волонтерлік» - 149 өтінім).
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің 2026 жылғы 20 шілдедегі №348-НҚ бұйрығына сәйкес «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру үшін кокурстық өтінімдерді бағалау жөніндегі конкурстық комиссия құрылды.
2026 жылғы 31 шілдеде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен конкурстық комиссияның отырысы өткізіліп, қорытындысы бойынша 30 грант жеңімпазы анықталды.
Грант беру үшін конкурстық өтінімдерді бағалау жөнінде конкурстық комиссия отырысының хаттамасы және грант алушылардың тізімі Министрліктің ресми сайтында ағымдағы жылдың 31 шілде күні жарияланды.
Грант иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылғы 12 тамызда Астана қаласында Халықаралық жастар күні аясында өтті.