Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Екібастұз қаласында салынып жатқан Data Center Valley нысанына барды. Бұл Қазақстандағы жасанды интеллект пен деректерді өңдеу саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі.
Жұмыс сапары барысында делегация құрылыс жұмыстарының барысымен, жобаны іске асыру кезеңдерімен және Қазақстанда халықаралық есептеу қуаттары орталығын құру мүмкіндіктерімен танысты.
Data Center Valley заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыруға, жасанды интеллектіні дамытуға және халықаралық технологиялық компанияларды тартуға арналған ауқымды технологиялық кластер ретінде қалыптасып келеді.
Жоба аясында қуатты кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру көзделген. Бірінші кезеңдегі 215 МВт қуат толықтай резервтелген. Келесі жылы қуатты 300 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жобаны дамытуға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 10 млрд долларды құрайды деп күтілуде. Технологиялық серіктестер ретінде NVIDIA және Firebird AI компаниялары қатысады.
Кездесуде энергиямен жабдықтау, инженерлік инфрақұрылым, нысанның технологиялық дайындығы және құрылыс жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі негізгі талқылау тақырыптары болды.
Жаслан Мәдиев жобаның ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
«Бүгінде жасанды интеллект экономикалық өсім мен мемлекеттердің технологиялық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып келеді. Алайда жасанды интеллектті дамыту үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Оған есептеу қуаттары, сенімді энергиямен жабдықтау жүйесі және заманауи деректерді өңдеу орталықтары жатады. Data Center Valley Қазақстанға жаһандық жасанды интеллект картасында өз орнын иеленуге мүмкіндік беретін стратегиялық жоба. Біздің міндетіміз халықаралық технологиялық компаниялар Қазақстанның инфрақұрылымын пайдаланып қана қоймай, осында өз жобаларын дамытып, инвестиция салып, жаңа құзыреттер қалыптастыруына жағдай жасау», – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Жоба NVIDIA және Firebird AI компанияларын қоса алғанда, халықаралық технологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда. Ол жасанды интеллект модельдерін оқыту және пайдалану үшін озық графикалық процессорлар негізінде жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын құруды көздейді.
Жобаны дамытуға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Data Center Valley жобасын іске асыру Қазақстан үшін жаһандық цифрлық экономикада мүлде жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Ұзақ уақыт бойы Қазақстанды ең алдымен табиғи ресурстарға бай ел ретінде қарастырып келді. Бүгінде қолжетімді энергияны жаңа экспорттық өнімге, яғни есептеу қуаттарына айналдыруға мүмкіндік бар. Біз әлемдегі ең ірі жасанды интеллект жүйелеріне Қазақстан аумағынан тікелей қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрып жатырмыз. Ең маңыздысы, бұл енді жай ғана тұжырымдама емес. Бірінші кезеңдегі қуаттар толық көлемде алдын ала бөлінген, халықаралық серіктестер бар және нақты инвестициялық міндеттемелер қабылданған. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды әлемдік жасанды интеллект инфрақұрылымының негізгі орталықтарының біріне айналдыру», – деді Бағдат Мусин.
Data Center Valley жобасының бәсекелік артықшылықтарының бірі – электр энергиясының 1 кВт·сағ үшін 2,5 АҚШ центінен басталатын тарифпен қолжетімді болуы. Бұл нысанды энергияны көп қажет ететін есептеу жүйелері үшін тартымды етеді. Сонымен қатар жоба заманауи салқындату технологияларын қолдануды, энергия тиімділігін арттыруды және экологиялық стандарттарды сақтауды көздейді.
Мемлекеттік органдардың өкілдері мен жоба басшылығы құрылыстың келесі кезеңдерін, қажетті инфрақұрылымды дамытуды және халықаралық инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстарды талқылады.
Data Center Valley іске қосылғаннан кейін Қазақстанда халықаралық жасанды интеллект компанияларының жұмыс істеуіне қажетті есептеу қуаттары пайда болады. Сонымен қатар жаңа технологиялық салалардың дамуына және білікті мамандарға арналған жұмыс орындарының ашылуына жол ашылады. Жоба Қазақстанның халықаралық цифрлық қызметтер нарығындағы орнын да нығайтады.
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, өз телекоммуникация жүйелерін алғаш рет өзара байланыстырды. Жобаның салтанатты іске қосылуына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қатысты. Жаңа инфрақұрылым Азия мен Еуропа арасында деректер жеткізетін қосымша бағыт ашып, Қазақстанның халықаралық цифрлық транзиттегі рөлін күшейтеді.
Транскаспий ТОБЖ-сі Қазақстанның Қытайға шығатын құрлықтағы желілерін Әзербайжанның инфрақұрылымымен, ары қарай Кавказ бен Еуропа желілерімен тоғыстырады. Осылайша, халықаралық трафикті өткізу мүмкіндігін кеңейтетін және қолданыстағы байланыс арналарын сақтандыратын жаңа бағыт қалыптасады.
Бұл желінің іске қосылуы Қазақстан үшін халықаралық байланыс орнықтылығының артуын және ғаламдық желіге шығу бағыттарының әралуандығын білдіреді. Балама маршруттың болуы байланыс операторларына деректер ағынын икемді бөлуге және жекелеген бағыттарға тәуелділікті азайтуға жол ашады. Ал аймақ үшін жоба халықаралық цифрлық инфрақұрылымға қосылудың және Азия мен Еуропаның ірі нарықтары арасындағы транзитті дамытудың қосымша мүмкіндіктерін жасайды.
Суасты кабеліне 64 оптикалық талшық орналастырылған. Желінің жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады. Бұндай қуат қоры деректер тасымалын арттыруға және жоғары жылдамдық пен сенімді байланысты талап ететін сервистерді дамытуға берік негіз болады.
Сонымен қатар жаңа бағыт Қазақстанда деректер өңдеу орталықтарын (ДӨО), бұлтты платформаларды және жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттарын орналастыру мүмкіндігін арттырады. Халықаралық технологиялық компаниялар үшін сыйымды байланыс арналарының болуы мен сигнал кідірісінің төмендігі — алаң таңдауда және шетелдік клиенттерге қызмет көрсетуде басты шарттардың бірі. Уақыт көрсеткіштеріне сүйенсек, Ақтау — Ыстанбұл бағытындағы сигнал кідірісі небәрі 34 миллисекундты құрайды.
Халықаралық байланыс деңгейін арттыру Қазақстанға деректер транзитін арттырып қана қоймай, оларды сақтау мен өңдеу бойынша дербес қызметтерін де дамытуға жағдай жасайды. Бұл отандық технологиялық компаниялардың сыртқы нарықтарда жұмыс істеуіне жол ашып, елдің цифрлық инфрақұрылымға инвестиция тарту тартымдылығын арттырады.
Болжамға сәйкес, жаңа бағыттың арқасында транзиттік трафик көлемі екі еседен астам өсіп, таяу жылдары 21,6 Тбит/с-қа жетуі мүмкін.
2025 жылы белсенді жұмыстар басталғаннан кейін желіні іске қосқанға дейін екі жылдан аз уақыт өтті. Жобаны жүзеге асыру үшін теңізде зерттеулер жүргізіліп, маршрут кеме қатынасы, әскери және мұнай-газ қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып келісілді, сондай-ақ Каспий теңізінің түбіне кабель төсеудің техникалық күрделі жұмыстары орындалды.
Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосу – екі ел президенттерінің қолдауымен жүзеге асқан ортақ жоба және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың нақты дәлелі.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен AI Labs тұжырымдамасы аясында Astana Hub пен Гент университеті (Бельгия) Alem.ai орталығында жасанды интеллект және математика бойынша бірлескен зертхана ашады. Зертхана екі елдің ғалымдарын бірлескен зерттеулер жүргізу, таланттарды даярлау, стартаптар құру және халықаралық қаржыландыру тарту үшін біріктіреді.
Зертхана Alem.ai алаңында әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен зерттеулерді дамытуға бағытталған AI Labs тұжырымдамасының құрамдас бөлігіне айналады.
Математика — жасанды интеллекттің (ЖИ) негізі: кез келген ЖИ-моделін оқыту оңтайландыру әдістеріне, статистикаға және ықтималдықтар теориясына сүйенеді. Сондықтан зертхана іргелі математиканы жасанды интеллекттің қолданбалы міндеттерімен ұштастырады.
Гент университетінің және Қазақстанның ғалымдары, соның ішінде қазақстандық ғылыми диаспора өкілдері, бірлескен зерттеу жобалары жүзеге асырып, жаңа ЖИ-технологияларды әзірлейді және жас зерттеушілерді даярлайды. Алғашқы бағыттар - жекелендірілген оқытуда жасанды интеллект пен нейротехнологияларды қолдану және Паркинсон ауруын ерте анықтауға арналған ЖИ негізіндегі шешімді әзірлеу.
Ресми сапар аясында ғарышты зерттеуге және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын телескопты табыстау рәсімі де өтті.
Тараптар Horizon Europe бағдарламасының гранттарына бірлесіп өтінім беруді және зертхананың зерттеулері мен әзірлемелеріне инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Зертхана жұмысының басты нәтижелері — жасанды интеллект пен математика саласындағы жаңа таланттар, технологиялық стартаптар және бірлескен ғылыми жобалар.
Анықтама ретінде
Гент университеті (Universiteit Gent) — 1817 жылы құрылған, Бельгияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі.
Horizon Europe — Еуропалық Одақтың 2021–2027 жылдарға арналған зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыру жөніндегі негізгі бағдарламасы.
жылғы 9–10 қазанда Астана қаласында жобалық басқаруды дамытуға арналған жыл сайынғы халықаралық «People&Projects Forum: Biomimetic & Management» форумы өтті. Форум мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен академиялық қоғамдастықтың өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасу және жобалық басқарудың заманауи тәсілдерін талқылау алаңына айналды.
Форумды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana IT University және «People&Projects» консалтингтік агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды. Форум жобалық менеджмент саласындағы жетекші сарапшылар мен практиктерді біріктіріп, тәжірибе алмасуға, өзекті үрдістерді талқылауға және жобаларды басқарудың заманауи тәсілдерін әзірлеуге бағытталған маңызды жыл сайынғы кәсіби алаң болып табылады.
Форумның ашылуында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев мемлекеттік басқару жүйесінде жобалық басқаруды дамытудың, мемлекеттік бастамаларды іске асыру тиімділігін арттырудың және мемлекеттік органдар қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Форумның негізгі тақырыбы тірі жүйелердің қағидаттарын ұйымдар мен жобаларды басқаруда қолдануға арналды. Қатысушылар табиғи жүйелерге тән бейімделу, өзара әрекеттесу, ресурстарды бөлу және тұрақтылықты сақтау тетіктерін басқару процестерін жетілдіру және жобалық қызметтің тиімділігін арттыру тұрғысынан талқылады.
Форумның бірінші күні менеджментте биомиметикалық тәсілдерді қолдану мәселелеріне арналды. Сарапшылар коммуникациялар, жүйелі ойлау және тәуекелдерді басқару бағыттарында тірі жүйелердің жұмыс істеу қағидаттарын қарастырып, ұйымдардың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға арналған ғылыми тұжырымдамалар мен практикалық құралдарды ұсынды.
9 қазандағы сараптамалық бағдарламаға Анна Штайнцайг (Anna Steinzeig), Анар Есенгелдина, Ильяс Адильханов, Василь Галимов, Михаил Плотников, Сергей Колов, Каергелди Махамбетов, Карлығаш Сыдыкова, Зарина Биюмбаева және Петр Немой қатысты.
Сондай-ақ осы күні жобалық басқаруды дамытуға елеулі үлес қосқан жобалық командалар, басқарушылар мен ұйым басшылары марапатталған «People&Projects Awards» салтанатты рәсімі өтті.
Форумның екінші күні цифрлық трансформация жағдайында жобалық басқаруды дамытуға арналды. Негізгі назар жобалық офистердің қызметін жетілдіруге, басқару практикасында жасанды интеллектіні қолдануға, мониторинг пен аналитиканы цифрландыруға, сондай-ақ жобаларды іске асыруды үйлестіру мен бақылау тиімділігін арттыруға аударылды.
10 қазанда Рашад Ибрагимов, Петр Немой, Дилара Абжанова, Салтанат Қозғанова, Абылайхан Қадыров, Мерей Нұрсұлтанов және Мираим Атанаева баяндамалар жасап, практикалық кейстер ұсынды.
Форум барысында Қазақстандағы жобалық басқаруды дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, деректерді жинауды автоматтандыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері таныстырылды. Нормативтік базаға енгізілген өзгерістер жобалық сипаттағы жобалар мен процестік іс-шараларды ажыратуға, әкімшілік жүктемені азайтуға және жобалық офистер жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Автоматтандыру шеңберінде жобалық басқарудың цифрлық жүйесін бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен тестілік интеграциялау жүргізілді. Келесі кезеңде деректер алмасуды және жобалардың іске асырылу мәртебесін мониторингтеуді автоматтандыру, сондай-ақ көрсеткіштерді талдау, ауытқуларды анықтау, тәуекелдерді болжау және басқарушылық шешімдерді қолдау үшін жасанды интеллектіні қолдануды кеңейту көзделген. Бұл қолмен есеп беру тәжірибесінен жобаларды басқарудың неғұрлым интеллектуалды әрі нәтижеге бағдарланған моделіне көшуге мүмкіндік береді.
Форумның екінші күні орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің жобалық офистері арасында тәжірибе алмасу сессиясы да өтті. Қатысушылар жобалық қызметті ұйымдастыру, командалардың өзара іс-қимылы және цифрлық шешімдерді қолдану тәжірибесімен бөлісті. Сессия барысында жобалық басқаруды дамытуға және жобаларды іске асыру нәтижелілігін арттыруға бағытталған практикалық тәсілдер талқыланды. Аталған сессияда Альтаир Ахметов, Тимур Джунельбаев, Динара Абдигалиева, Гүлпара Ташенова және Мөлдер Баймағанбетова сөз сөйледі.
Қатысушылар жасанды интеллект дәуіріндегі жоба басшыларының құзыреттерін дамыту, жобалық басқарудың цифрлық жүйелерін енгізу және жобалар мен стратегиялық құжаттардың іске асырылуын мониторингтеу үшін аналитикалық құралдарды пайдалану мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар тиімді коммуникацияларды қалыптастыруға, жүйелі ойлауды дамытуға, тәуекелдерді басқаруға және жобалық офистердің қызметін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Отандық және шетелдік сарапшылар мемлекеттік секторда, бизнесте және білім беру саласында PMI, IPMA, ISO және Prosci халықаралық стандарттары мен әдіснамаларын қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Форум аясында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жобалық басқаруды дамытуға үлес қосқан орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың жобалық офистері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің алғыс хаттарымен марапатталды.
Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры, Andreessen Horowitz компаниясының бұрынғы бас серіктесі әрі «Желілік мемлекет» бестселлерінің авторы, технологиялық кәсіпкер Баладжи Шринивасан негізін қалаған Network School жобаның бағасы 2 млрд долларды құрайтын инвестициялық кезең тартуда. Network School компаниясының бас кеңсесі Қазақстанда орналасқан. Инвестициялық кезең туралы 9 қазанда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысқан Network State Conference 2026 конференциясында жарияланды.
Биыл 21 шілдеде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Network School арасында компанияның штаб-пәтерін Астанаға көшіруді көздейтін меморандумға қол қойылды. Бұл қадам Қазақстанға жаңа жобаларды, капитал мен командаларды тарту, сондай-ақ жаһандық нарыққа мамандар даярлауға мүмкіндік жасау бағытында халықаралық технологиялық кәсіпкерлермен және инвесторлармен жүргізілген жұмыстың нәтижесі болды.
Инвестициялық кезеңге жетекшілік ететін компаниялардың бірі криптовалюта саласындағы жетекші Polychain Capital қоры болды. Қордың негізін қалаушы әрі бас директоры Олаф Карлсон-Видің хабарлауынша, раундқа Andreessen Horowitz венчурлық қоры, АҚШ-тағы ең ірі криптовалюта биржасы Coinbase және Баладжи Шринивасанның өзі де қатысады. Жобаның жарияланған бағасы 1 млрд доллардан асатын жеке компанияларға берілетін «unicorn» мәртебесіне сәйкес келеді.
«Біз Andreessen Horowitz, Coinbase және Баладжидің өзімен бірге Network School жобасының инвестициялық кезеңіне жетекшілік етеміз. Бұл кезең аясында жобаның бағасы 2 млрд долларды құрайды», - деді Олаф Карлсон-Ви.
Network School компаниясының бас кеңсесінің Қазақстанда орналасуы еліміздің технологиялық кәсіпкерлікті дамыту орталығы ретіндегі әлеуетін арттырады. Network School «Кремний алқабынан тыс орналасқан Кремний алқабы» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жоба білім беруді, кәсіби қауымдастықты дамытуды, компаниялар құруды және жаһандық еңбек нарығында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін біртұтас жүйеге біріктіреді.
Баладжи Шринивасан сөз сөйлеу барысында Network School қатысушыларының Астанадағы жаңа қалалық кампусқа көшетінін хабарлады. Кампус Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасады. Алдағы жоспарларға елордада технологиялық хабты дамыту, венчурлық инвесторлар мен стартаптарды тарту, сондай-ақ Алатауда криптоқала жобасы бойынша ынтымақтастық орнату кіреді.
«Қазақстанның рөлі қажетті рұқсаттар мен белгілі бір мағынада тиісті платформаны ұсыну болса, біздің міндетіміз капитал тарту, таланттарды жинау және жобаларды іске асыру. Осындай үйлесім өте жақсы нәтиже бере алады», - деп атап өтті Network School негізін қалаушы.
Шринивасан Астананың даму деңгейіне, қалалық ортаның сапасына және елорданың халықаралық технологиялық қауымдастықты тарту әлеуетіне жоғары баға берді.
«Менің ойымша, бұл келесі Дубай, келесі Сингапур», - деп атап өтті ол.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі білім беру және кадрлар даярлау болмақ. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Network School бастапқыда онлайн оқытуға бағытталған академиялық мекеме құруды жоспарлап отыр. Болашақта оны академиялық дәреже беру құқығы бар толыққанды университетке айналдыру көзделген.
Ұсынылып отырған білім беру моделі меңгерілген білім мен дағдыларға басымдық береді. Оқу бағдарламасын игеру қарқыны білім алушының нәтижелеріне байланысты болады, ал біліктілік деңгейі қатаң талаптар қойылатын офлайн емтихан арқылы расталады. Сонымен қатар үздіксіз білім алу және білім туралы құжаттардың түпнұсқалығын тексеру үшін блокчейн технологияларын пайдалану қарастырылған.
Шринивасанның айтуынша, Қазақстанның ұлттық компанияларымен бірлескен жұмыс мамандар даярлауды олардың кейін жұмысқа орналасуымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ол бұл тәсілді «емтихан тапсыр да, жұмысқа орналас» қағидаты ретінде сипаттады.
Халықаралық мамандарды тартумен қатар, қазақстандықтар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Network School негізін қалаушы алдымен Қазақстанға мыңдаған, ал болашақта ондаған мың маман тарту жоспарын атап өтті.
«Біз Қазақстанға алдымен мыңдаған, кейін ондаған мың талантты адамды әкелгіміз келеді. Сонымен қатар қазақстандықтардың жаһандық еңбек нарығында жұмысқа орналасуына көмектесеміз», - деді ол.
Шринивасан сондай-ақ әлемде технологиялық компаниялар мен олардың командаларының бір елден екіншісіне көшуінің жаңа толқыны басталып жатқанын атап өтті. Мұндай жағдайда Қазақстан бизнесті ұзақ мерзімді дамытуға қолайлы алаң іздейтін кәсіпкерлерді тартуға мүмкіндік алады.
Network School жобасының Қазақстанда дамуы елді Еуразиядағы жасанды интеллект хабына айналдыру міндетіне сай келеді. Бағасы 2 млрд доллар деп жарияланған халықаралық жобаның елде орналасуы капитал мен кәсіби құзыреттерді тартуға, білікті жұмыс орындарын ашуға және Қазақстаннан жаһандық нарыққа жұмыс істейтін компанияларды құруға жаңа мүмкіндіктер береді.
eGov Mobile қосымшасы жаңартылғаннан кейінгі жеті жыл ішінде жекелеген мемлекеттік қызметтерге мобильді қол жеткізу құралынан 13,2 миллионнан астам пайдаланушысы бар бірыңғай цифрлық платформаға айналды. Бүгінде қосымшада 1 100-ден астам мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді.
Мобильді цифрлық үкіметтің тарихы 2012 жылы mGov қосымшасының іске қосылуынан басталды. Пайдаланушыларға алғашқы электрондық мемлекеттік қызметтер, оның ішінде мекенжай және зейнетақы анықтамаларын, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы және оған салынған ауыртпалықтар туралы анықтамаларды алу, сондай-ақ айыппұлдарды, салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеу мүмкіндігі ұсынылды. 2019 жылға қарай қосымшада 70-ке жуық қызмет пен сервис қолжетімді болды.
2019 жылы mGov қосымшасының дизайны жаңартылып, атауы eGov Mobile болып өзгертілді. Осы сәттен бастап мобильді цифрлық үкіметті дамытудың жаңа кезеңі басталды. 2020 жылы қосымшада биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде жеке басты растау процесі жеңілдетілді.
Ең сұранысқа ие сервистердің бірі - құжаттардың электрондық нұсқаларын заңнамада көзделген жағдайларда қағаз немесе физикалық құжаттардың орнына ұсынуға мүмкіндік беретін «Цифрлық құжаттар» сервисі. Сервис іске қосылғаннан бері пайдаланушылар цифрлық құжаттарға 600 миллионнан астам рет жүгінген. Кейін бұл сервис екінші деңгейлі банктердің танымал қосымшаларында да қолжетімді болды.
Тағы бір маңызды құрал - электрондық цифрлық қолтаңбаны шығару және QR-код арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндігі. Бүгінгі таңда пайдаланушылар QR-код арқылы қол қою қызметін шамамен 80 миллион рет пайдаланған.
«Жеті жыл ішінде eGov Mobile жекелеген мемлекеттік қызметтерді алуға арналған қосымшадан Қазақстанның негізгі цифрлық платформаларының біріне айналды. Егер 2019 жылы ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 272 мың болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 7,5 миллион адамға жетіп, шамамен 28 есеге өсті. Биыл қосымша арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл қосымшаның қазақстандықтар арасында сұранысқа ие болып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде eGov Mobile мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистерді бір платформаға біріктіріп, оларды алуды ыңғайлы әрі қолжетімді етуде. Біз азаматтардың күнделікті мәселелерін үйден шықпай-ақ, тезірек, оңай әрі барынша аз күш жұмсап шешуі үшін мобильді үкіметті жетілдіруді жалғастырамыз», - деп атап өтті ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
2024 жылдың шілдесінде электрондық үкіметтің мобильді экожүйесі кәсіпкерлерге арналған eGov Business қосымшасының іске қосылуымен кеңейді. Ол бизнес өкілдеріне смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, ЭЦҚ шығаруға өтінім беруге, QR-код арқылы құжаттарға қол қоюға, заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркеуге және басқа да сұранысқа ие операцияларды орындауға мүмкіндік береді.
2025 жылы eGov Mobile толық ребрендингтен өтіп, қосымшаның визуалды дизайны мен пайдаланушы тәжірибесі жаңартылды.
2026 жылы қосымшада пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтерді оңай табуға және қажетті ақпаратты диалог форматында алуға көмектесетін жаңа құрал - eGov GPT пайда болды. Оны интерактивті анықтамалық ретінде пайдалануға болады. Ол үшін сұрақты қарапайым тілмен қойып немесе өз жағдайын сипаттау жеткілікті. Сервис қолжетімді қызметтер мен қажетті іс-қимыл тәртібі туралы ақпарат береді. Мысалы, баланың тууын тіркеу туралы сұрақ қойылған жағдайда, сервис қандай қызметтер қажет болуы мүмкін екенін және неден бастау керектігін түсіндіреді. eGov GPT арқылы 50-ден астам мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал сервиске жүгіну саны 150 мыңнан асты.
Сол жылы eGov GPT AI & Digital Bridge Awards 2026 сыйлығының «GovTech Project of the Year» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. Марапат Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында табысталды.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «QMobile» компаниясымен бірлесе отырып, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру аясында шалғайдағы елді мекендерді төмен орбиталы спутниктік жүйесі арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жалғастыруда.
Бұған дейін мүлдем байланысы болмаған елді мекендерде өткен жылы «OneWeb» жүйесі негізінде 329 қоғамдық Wi-Fi нүктесі орнатылған еді. Ал биыл жергілікті әкімдіктерден түскен қосымша өтінімдердің арқасында бұл жобамен қамтылған ауылдар саны 371-ге жетті.
Министрлік өкілдері интернеттің сапасы мен үздіксіз жұмысын тексеру үшін Алматы облысындағы Жіңішке ауылына арнайы барды.
«Инфрақұрылымы жоқ шалғай өңірлер үшін спутниктік интернет - дәстүрлі байланыс желілерін алмастыратын тиімді шешім. Мұндай сапарлар арқылы байланыс сапасын өз көзімізбен бағалап, бұл жобаның цифрлық алшақтықты жоюға септігін тигізіп жатқанына тұрғындардың пікірі арқылы көз жеткіземіз. Енді ауыл халқы тұрақты байланыста болып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде ала алады», деді Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаев.
Ауылдың тыныс-тіршілігіндегі бұл оң өзгерісті Жіңішке ауылының тұрғыны Дәулетбек Алпысбаев та растады:
«Бұрын үй телефонынан басқа байланыс болмайтын. Балалармен, жақындарымызбен хабарласу үшін әнеубір таудың төбесіне көтеріліп, қырға шығып отыратынбыз - көрген күніміз сондай еді. Ал қазір, шүкір, интернет ауылдың ішінде-ақ ұстап тұр», — деді ол.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ауылдық жерлерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.
Қазақстанның спорттық робототехника бойынша ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өтіп жатқан FIRST Global Challenge 2026 халықаралық жарысында чемпиондық атақ үшін күресін жалғастыруда. Қазіргі уақытта қазақстандық команда 185 елдің арасында 4-орында тұр. Чемпионаттың аяқталуына бір күн қалды, сондықтан жүлделі орындар үшін тартыс әлі жалғасуда және отандық робототехникашылардың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар.
Алматы қаласындағы Ганди атындағы №92 мектеп-лицейі мен Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның бес оқушысы әлемнің түкпір-түкпірінен жас инженерлерді біріктіретін робототехника бойынша ең ірі халықаралық жарыстардың бірінде Қазақстанның намысын қорғауда.
Чемпионат 7-10 қазан аралығында өтуде. 2026 жылғы маусымның тақырыбы қазіргі заманның өзекті экологиялық мәселелерінің бірі - орман өрттеріне арналған. Қатысушылар орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіруге байланысты тапсырмаларды орындайтын роботтарды жобалап, құрастырып, бағдарламалайды. Техникалық дағдылармен қатар, командалар стратегиялық ойлау қабілетін, үйлесімді жұмыс істеу және басқа елдердің өкілдерімен ынтымақтаса білу дағдыларын көрсетуі тиіс. Себебі жарыс ережелері командалық жұмыс пен өзара тәуелділік қағидатына негізделген.
Қазақстан құрамасының сапына 9-10-сынып оқушылары Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали, Арнұр Абдулла және Ерасыл Ендібай енді. Ұлттық құраманың жаттықтырушылары - Асылбек Мурзахметов, Нұрдаулет Досмағамбет, Нұрсұлтан Ергеш және Дарманбек Наурызбаев.
Қазақстан құрамасы - FIRST Global Challenge жарысының төрт дүркін чемпионы. Өткен жылдары еліміздің жас инженерлері әлемнің ең мықты командаларымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын бірнеше рет дәлелдеді.
Қазақстан үшін халықаралық технологиялық жарыстарды өз алаңында өткізу мүмкіндігі де ерекше маңызға ие. FIRST Global Challenge чемпионатын Қазақстанда ұйымдастыру әлемнің түкпір-түкпірінен жас инженерлерді елімізде біріктіруге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ робототехника мен жасанды интеллектті дамытуға қосымша назар аударуға мүмкіндік берер еді.
«Біз ұлттық құрамамыздың нәтижелеріне және жас қазақстандықтардың халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап жүргеніне тәнтіміз. Бұл жетістіктердің артында талант, табандылық, инженерлік ойлау қабілеті, балалардың өздері мен тәлімгерлерінің үлкен еңбегі жатыр. Қазақстан үшін келесі маңызды қадам - FIRST Global Challenge чемпионатын келесі жылы өз елімізде өткізу. Бұл біздің технологиялық қауымдастық, жас инженерлер және робототехника мен жасанды интеллектті дамытып жүрген барша азаматтар үшін үлкен оқиға болар еді», - деп Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде атап өтті.
Ұлттық құрама «USTEM Foundation» қоғамдық қоры мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған ұлттық іріктеу нәтижесінде жасақталды. Іріктеу Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің және Astana Motors құрамындағы OMODA & JAECOO брендінің қолдауымен өтті.
Финалға бір күн қалды. Қазақстан құрамасы жоғары орындар үшін күресін жалғастыруда. Чемпионаттың қорытынды нәтижелері әлі алда. Әлемдік аренада еліміздің намысын қорғап, Қазақстанды тағы да чемпиондық атаққа жеткізуге ұмтылып жатқан жас робототехникашыларымызға қолдау көрсетейік!
Қазақстанда жасанды интеллект бағытындағы құзыреттерді дамытудың ұлттық жүйесі құрылуда. Бұл жүйе мамандарды оқытудың әр алуан деңгейін қамтиды: бастапқы жасанды интеллект сауаттылығы мен ересектердің біліктілігін арттырудан бастап IT-мамандарды, AI-инженерлерді, зерттеушілерді, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор басшылары мен сала мамандарын даярлауға дейінгі ауқымды бағыттарды қамтиды.
Жүйе азаматтарға, студенттерге, мамандарға, бизнес пен мемлекеттік секторға арналған білім беру бағдарламаларын біріктіреді. Бұл бағдарламалар ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Astana Hub хабының, білім беру ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың және технологиялық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Қазақстанның бұл бағыттағы тәсілі жасанды интеллект құзыреттерін кезең-кезеңімен дамытуға негізделген. Ол базалық білім мен құралдарға қол жеткізуді, қолданбалы цифрлық дағдыларды меңгеруді, мамандандырылған техникалық дайындықты және жасанды интеллект шешімдерін жасап, өндіріске енгізуге қажетті машықтарды жетілдіруді қамтиды. Бұған қоса, өңір тұрғындары үшін білім алудың қолжетімді болуына, оқуды жұмыспен немесе негізгі оқумен ұштастыруға, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект құзыреттерін дамытуға айрықша назар аударылады.
Жаппай оқыту құралдарының бірі — Astana Hub Education онлайн-платформасы. Бұл алаң Alem.ai Foundation корпоративтік қорының қатысуымен Astana Hub экожүйесі аясында дамытылуда. Ол студенттерге, жұмыс істейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге және цифрлық технологияларды меңгеруге қызығушылық танытатын барлық азаматқа қолжетімді.
Платформада жасанды интеллект негіздері, промпт-инжиниринг, AI-құралдарын қолдану, No-Code/Low-Code әдісімен әзірлеу және цифрлық кәсіпкерлік бойынша курстар ұсынылған. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Онлайн-формат елдің барлық өңірінен білім беру ресурстарын еркін пайдалануға мүмкіндік береді. 2026 жылы бұл платформада 70 мыңнан астам адам оқып шықты.
Сондай-ақ технологияларды өз бетінше меңгеруге Astana Hub серіктестік білім беру курстары да кең мүмкіндік береді. Олардың қатарында жасанды интеллект негіздері, ChatGPT қолдану, деректерді талдау және Python тілінде бағдарламалау бойынша тегін бағдарламалар бар. Бұл курстар алдын ала техникалық дайындығы жоқ азаматтарға да арналған және оларға оқуда, жұмыста, сондай-ақ күнделікті тірлікте қажетті құралдарды меңгеруге көмектеседі. Бағдарламалардың ерекшелігіне қарай оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Цифрлық экономикаға қажетті кадрларды практиқалық тұрғыдан даярлау Tech Orda бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұл бастама аясында 18 бен 45 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарына аккредиттелген IT-мектептерде оқу үшін ваучерлер беріледі. Бағдарлама машиналық оқыту, AI Engineering, қолданбалы жасанды интеллект және агенттік қосымшаларды әзірлеу сияқты сұранысқа ие цифрлық бағыттарды қамтиды. Курстар тізімі еңбек нарығының қажеттіліктері мен технологиялардың даму бағытына қарай үнемі жаңартылып отырады.
2022 жылдан бері Tech Orda бағдарламасы бойынша 11,5 мыңға жуық адам оқуды сәтті тәмамдады. Бағдарлама нәтижелерін талдау көрсеткендей, экономикалық белсенді түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90%-ды құрайды — олар 1 287 компанияда еңбек етіп жүр. Түлектердің орташа жалақысы ел бойынша орташа көрсеткіштен 49%-ға жоғары. Бұл көрсеткіштер Tech Orda бағдарламасының барлық оқыту бағыттарын қамтиды.
Ваучерлер беру және курс құнын толық немесе ішінара жабу мүмкіндігі IT-білімнің қолжетімділігін арттыра түседі. Сонымен қатар, бұл бағдарлама жекеменшік IT-мектептер мен оқыту орталықтарының желісін дамытуға қолдау көрсетіп, мамандарды даярлау сапасына қатысты талаптарды қалыптастырады.
Сондай-ақ әзірлеушілер мен жасанды интеллект мамандарын даярлаумен Tomorrow School мектебі де айналысады. Бұл — өзара оқыту (peer-to-peer) моделіне негізделген тегін мектеп. Жобаны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub, Alem.ai Foundation және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүзеге асыруда. Мектептің негізгі алаңы — alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы.
Іріктеу кезеңі логика мен алгоритмдік ойлауды сынауға арналған тапсырмаларды, сондай-ақ 26 күндік қарқынды оқытуды қамтиды. Негізгі бағдарлама 18 айға есептелген және ол AI Imperative Programming, AI Full-Stack және AI Core Tech бағыттары бойынша 50-ден астам практикалық жобаны қамтиды. Қатысушылар машиналық оқытуды, компьютерлік көруді, табиғи тілді өңдеуді, үлкен тілдік модельдерді (LLM) және AI модельдерін өнімдерге енгізуді үйренеді. Кампустың тәулік бойы жұмыс істеуі оқуды жұмыспен немесе негізгі оқумен қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
Мектеп іске қосылған 2024 жылдың қазан айынан бері Астанада 15 іріктеу кезеңі өткізіліп, негізгі оқуға 493 студент қабылданды. Оқып жатқандардың орташа жасы — 27 жас, олардың 32%-ы — әйелдер. Студенттердің жартысына жуығы (49%-ы) оқуды толық немесе ішінара жұмыспен қатар алып жүр. Тіпті дайындық үдерісінің өзінде 79 студент IT-саласына жұмысқа орналасып үлгерді.
2024 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Tomorrow School мектебін өңірлерде кеңейту жұмыстарына ресми түрде старт берді. Бүгінде кампустар жергілікті жоғары оқу орындарының, колледждер мен IT-хабтардың базасында 12 өңірде жұмыс істеп тұр. Өңірлік кампустарға 6 367 өтінім түсіп, оның ішінде 1 954 адам іріктеу сынақтарына қатысты. Бұл желінің кеңеюі еліміз бойынша тегін технологиялық білім алу мүмкіндіктерін айтарлықтай арттыра түсуде.
Ұлттық жүйенің маңызды бір бөлігі — студенттер мен жас зерттеушілерді даярлау ісіне жасанды интеллектті енгізу. Осы мақсатта AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, постдокторанттар мен жас ғалымдарға арналған. Ол жасанды интеллект пен AI-кәсіпкерлікті оқытуды аграрлық сектор, су ресурстары, энергетика және білім беру сияқты салаларда озық технологияларды қолданумен ұштастырады.
AI-Sana бағдарламасының бірінші кезеңінде жасанды интеллект курстары бойынша 706 023 студент сертификат алды. Екінші кезеңде 106 ЖОО-дан 104 459 студент оқып шықты, оның ішінде 67 264 қатысушы сертификатқа ие болды.
Бағдарлама жасанды интеллект құзыреттерін дамытуды технологияларды тәжірибеде қолданумен ұштастырады. AI-Sana аясында ұлттық компаниялар мен экономиканың басым салаларының қолданбалы міндеттеріне бағытталған 442 жасанды интеллект шешімі сынақтан өткізіліп, іске асырылуда.
Осылайша, жасанды интеллект құзыреттері тек арнайы техникалық дайындық бағытында ғана емес, сонымен қатар әр түрлі кәсіби сала мамандарын оқыту үдерісіне де енгізілуде.
Бастамалардың жеке бір блогы мемлекеттік басқару жүйесінде жасанды интеллект құзыреттерін дамытуға бағытталған. AI Qyzmet бағдарламасы бойынша 55 мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқудан өтті. Бұл бағдарлама қатысушыларды жасанды интеллект негіздерімен және мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысында AI құралдарын қолдану мүмкіндіктерімен таныстырады.
Басшы кадрларды технологияларды енгізу және кеңейту ісіне дайындау мақсатында AI Governance 500 бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бірінші лектің құрамына вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері болып табылатын 99 басшы енді. 2026 жыл бойы бұл бағдарлама бойынша 500 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланып отыр.
Басқарушылық құзыреттерді дамытуға AI Leaders бағдарламасы да өз үлесін қосуда. Бұл бағдарламада тоғыз елдің 150-ден астам ұйымынан келген 800-ден астам басшы мен маман оқыды. Қатысушылардың қатарында мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, қаржы институттарының, технологиялық компаниялардың, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдері бар.
Қызметкерлер мен компаниялар үшін жасанды интеллектті жұмыс барысында тәжірибелік тұрғыдан қолдануды меңгеруге бағытталған AI Corporate бағдарламасы қарастырылған. Курсты іске қосу 2026 жылдың күніне жоспарланған, ал негізгі мақсат — бағдарламаның білім беру платформасына 250 мың қолданушыны тартуу. Мұндай тәсіл жасанды интеллект құзыреттерін тек технологиялық сектордың мамандары арасында ғана емес, сонымен қатар экономиканың әртүрлі салаларындағы компаниялардың қызметкерлері арасында да кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы жасанды интеллект құзыреттерін дамытудың ұлттық жүйесі адами капиталды қалыптастырудың барлық жолын қамтиды — бұған базалық AI сауаттылығы мен кәсіби тұрғыдан қайта даярлаудан бастап, AI-инженерлерді тәрбиелеу, студенттер мен зерттеушілердің біліктілігін арттыру және мемлекеттік басшыларды оқыту кіреді.
Бағдарламалардың ауқымы олардың тәжірибелік бағытымен тығыз ұштасқан: мысалы, Tech Orda түлектері 1 287 компанияда еңбек етіп жүр, Tomorrow School мектебінің 79 қатысушысы қазірдің өзінде IT-саласына жұмысқа орналасты, ал AI-Sana аясында 442 қолданбалы жасанды интеллект шешімі сынақтан өтіп, іске асырылуда.
Сонымен қатар, Қазақстан жасанды интеллект саласындағы білім алу географиясын да кеңейтіп келеді: оқыту қазақ және орыс тілдерінде онлайн форматта қолжетімді, Tomorrow School мектебі еліміздің 12 өңірінде ашылып, ауқымы кеңейді, ал білім беру бағдарламалары студенттерді, мамандарды, кәсіпкерлерді, мемлекеттік қызметшілер мен басшыларды толықтай қамтып отыр.
Астана қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекеме басшыларының Үшінші кездесуі өтті. Кездесуге ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекемелерінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев қатысты.
Қатысушылар өз ведомстволарының атқарған жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, геодезия, картография және геоақпараттық технологияларды дамыту мәселелерін талқылады, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындады.
Кездесу барысында ТМҰ-ның Картография жөніндегі жұмыс тобының қызмет нәтижелері қаралып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен бастамаларды әзірлеу және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша жобаларды іске асыру мақсатында оның техникалық және сараптамалық деңгейлердегі жұмысын жалғастыру қажеттілігі расталды. Бұл бағыттардың қатарында географиялық атаулардың бірыңғай каталогын құру да бар.
Тағы бір маңызды жоба – жалпы түркі картографиялық базалық картасы. Қатысушылар жұмыс тобы әзірлеген жобаны пысықтап, оны келесі отырысқа ұсынуға келісті. Іс жүзінде бұл түркі мемлекеттерінің аумақтарын бірыңғай ақпараттық кеңістікте жаңаша көрсетуге мүмкіндік беретін ортақ картографиялық негіз құруды көздейді.
Заманауи технологиялар мен тәжірибе алмасу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан және ТМҰ-ның басқа да мемлекеттері геодезия, қашықтан зондтау, картография және кеңістіктік деректер салаларында өздерінің цифрлық шешімдерін қолданып келеді. Ендігі міндет – осы шешімдермен неғұрлым белсенді алмасып, жинақталған тәжірибені бірлескен жобаларды іске асыру үшін пайдалану.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – осы бағыттағы жұмысты үйлестіруді күшейту туралы шешім болды. Тараптар ТМҰ Хатшылығының құрылымында Картография жөніндегі жұмыс тобының қызметін үйлестіретін мамандандырылған бөлімше құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекеме басшыларының Үшінші кездесуінің Декларациясына қол қойылды. Құжатта одан әрі ынтымақтастық, технологиялар алмасу және бірлескен бастамаларды іске асыру жөніндегі уағдаластықтар бекітілді.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің картография саласындағы мекеме басшыларының келесі, Төртінші кездесуі 2027 жылы Қырғыз Республикасында өтеді.