Қостанай облысындағы Спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдігі ашылды

Қостанай облысындағы Спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдігі ашылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жұмыс сапары аясында Қостанай облысындағы Спорттық бағдарламалау федерациясының өкілдігін ресми түрде ашты.

«Бүгінгі таңда спорттық бағдарламалау – зияткерлік спорттың келешегі бар саласы, онда қатысушылар бағдарламалау тілдерін пайдалана отырып, күрделі математикалық есептерді шешеді. Қазақстандық оқушылар мен студенттер IOI және ICPC сияқты халықаралық жарыстарда тұрақты табыстарға жетіп, рейтингте жоғары орындарды иеленіп келеді. Мен бұл өкілдік спорттық бағдарламалауды дамытуда және дарынды бағдарламашылардың жаңа буынын дайындауда маңызды қадам болады деген сенімдемін», - деп атап өтті министр.

Жаңа кеңседе балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық бағдарламалауды белсенді әрі қызықты әрекет ретінде ұсынатын түрлі іс-шаралар өтеді. Бұл өз кезегінде жастардың зияткерлік спортқа деген қызығушылығын дамытуға және жылдам өзгеретін жаңа технологиялар әлемінде табысты бәсекелесуге қажетті ұшқыр ойлау, шығармашылық бастамашылық, икемділік пен ұтқырлық сияқты дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді.

«Спорттық бағдарламалау федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қолдауымен Digital Nomads Kazakhstan IT қоғамдастығының өкілдерімен және еліміздің осы саладағы жетекші сарапшыларымен бірге құрылды.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі