
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жаныңда жүр жақсы адам» айдары аясында мемлекеттік қызметте адал да абыройлы еңбек етіп жүрген әріптесіміз Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Инновацияларды дамыту департаменті Инновацияларды қолдау құралдары басқармасының бас сарапшысы Анар Әділханқызы Әбдіқадыровамен сұхбат жүргізілді.
Құрметті Анар Әділханқызы, Сіз мемлекеттік қызметпен қатар педагогикалық, ғылыми қызметті біріктіріп жүрген біздің министрліктің жалғыз қызметкері болып табыласыз, сондай-ақ, экономика ғылымдарының докторы (PhD) ғылыми дәрежеңіз бар.
Өзіңізге белгілі, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР заңында мемлекеттік қызметкерге өз қызметінен басқа педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға шектеулер қойылмаған. Мемлекеттік қызметтен басқа атқарып жүрген ғылыми және педагогтік қызметіңіз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз?
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтен басқа ғылыми және педагогтік қызметпен айналысамын.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі пәні бойынша дәріс оқимын. Экономика факультеті Мемлекеттік аудит кафедрасының аға оқытушысымын. Негізгі жұмыс орным Министрлікте болғаннан кейін сабақтар тек сенбі күндері өтеді.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен арнайы жас ғалымдарды қолдау мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» ғылыми жобасы шеңберінде «Параметрлік емес және жартылай параметрлік деректерді талдау негізінде Қазақстан университеттерінің ғылыми-зерттеу қызметінің тиімділігін бағалау моделін әзірлеу» тақырыбы бойынша грант ұтып алдым.
Жобаның негізгі идеясы Қазақстан Республикасында ғылыми қызметтің тиімділігін бағалаудың әдістемелік мәселесін шешуге үлес қосу болып табылады, мұнда жан-жақты тұжырымдамалық негіздер жетіспейтін болатын. Осылайша, өнімділікті бағалаудың тұжырымдамалық негізін жасау үшін парметрлік және параметрлік емес талдауларды енгізуді жөн көрдім.
Өте қызықты. Сіз мемлекеттік қызметті педагогикалық және ғылыми қызметпен қалай үйлестіресіз, қиындықтар бар ма?
Екі жұмысты қатар алып жүру ешқандайда қиындық тудырмайды, керісінше ынталандырады деп толық айта аламын. Неге десеңіз, өйткені әр сала өзінше ерекше, қызықты, бір нәрсе күнделікті қайталана бермейді, басқа ортаға барып, бір серпіліп қаласың.
Мысалға, ағымдағы жылғы сәуір айында мен Нью-Дели қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық және инновациялық форумының ресми кездесуіне қатыстым. Бұл сапарды Үндістан Республикасы ұйымдастырды, онда мен Қазақстан Республикасы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен қатыстым.
Форумда кәсіпкерлік пен инновацияны ілгерілетудің озық тәжірибелерімен бөлісу, сондай-ақ, әртүрлі әлеуметтік инновациялық шешімдерді ұсыну сияқты және тағы басқа да сұрақтар талқыланды.
2023 жылғы 22-25 мамыр аралығында ғылыми жоба шеңберінде Халықаралық Қолданбалы Ғылымдар Академиясы (Польша мемлекеті) ұйымдастырған ғылыми конференцияға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атынан қатыстым.
Конференцияға қатысу мен үшін жаңа және шабыттандырылатын тәжірибе. Ғылыми конференцияларға қатысу тәжірибе жинақтап, пікірлес адамдармен араласып қана қоймай, сонымен қатар зерттеу дағдылары мен коммуникациялық қабілеттерін дамытуды мақсат еткендер үшін мұндай тағылымдама олардың кәсіби мақсаттарына жету жолындағы маңызды қадам болып табылады, сондай ақ, аға әріптестерден маңызды кеңестер мен нұсқауларды алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ағымдағы жылғы қараша айында Германияның Эрфурт қаласында FAV Service gGmbH компаниясының ұйымдастыруымен теория және практика түрінде өткен іс-шараға қатыстым.
Германия білім беру сапасы жағынан әлем бойынша алдыңғы орында екені белгілі. «ESF Plus» компаниясы Тюрингия жерінде 18 бен 26 жас аралығындағы жастарға, соның ішінде Қазақстан жастарына кәсіптік және дуальді тегін білім алуға, сондай-ақ, кәсіпорындарда практикадан өтуге мүмкіндік береді. Негізгі талап неміс тілін жетік меңгеру керек.
Ғылыми жұмыс аясында отандық және шетелдік ғылыми журналдарда тұрақты түрде мақалалар жариялап тұрамын., дипломдық және магистрлік жұмыстардың рецензенті болып табыламын, «Ғылым туралы» жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау жөніндегі сараптамалық топқа қатысамын.
Салалық ғылымды ілгерілету үшін қандай жаңалықтар мен бастамалар туралы айта аласыз? Министрліктегі негізгі жұмысыңыз ғылыми және педагогикалық қызметпен байланысы бар ма?
Инновацияларды дамыту департаментінің негізгі міндеттері инновациялық қызметті қолдау және салааралық ғылымды дамыту болып табылады. Министрліктің электрондық өнеркәсіп, IT, ақпараттық қауіпсіздік, телекоммуникация, аэроғарыш, инновация, геодезия және картография салалары бойынша ғылымды дамыту да мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу және оны ынталандыру болып табылады.
Қазіргі уақытта «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда. Елімізде ғылымды қаржыландыру, ғалымдардың мәртебесін көтеру, ғылымды дамытудың негізгі басым бағыттары тағы сондай жаңашылдықтар енгізіліп, соның нәтижесінде дамыған ғылыми инфрақұрылымы бар ғылыми ұйымдар желісін құру, ғылымды цифрландыру деңгейін арттыру, ғалымдардың электрондық базасын қалыптастыру сияқты нәтижелер алынады деп күтілуде.
Менің педагогикалық және ғылыми қызметім негізгі жұмысыммен тығыз байланысты, өйткені оқылатын пәндер әртүрлі салаларда Қазақстанның - ұзақ мерзімді, орта мерзімді кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететін, құжаттармен, процестермен және мемлекеттік жоспарлауға қатысушыларға тікелей қатысты.
Өзіңіз туралы айтсаңыз, қай жердің тумасысыз, еңбек жолыңызды қашан, қайдан бастадыңыз.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бозкөл ауылында № 96 қазақ орта мектебін үздік аяқтадым.
Содан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Экономика факультетіне грантқа оқуға түсіп, үздік бітірдім. 2005 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратураға түстім.
2015 жылғы 25 желтоқсан күні «Экономика» мамандығы бойынша докторлық диссертациямды қорғадым.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне байланысты әріптестеріңізге тілегіңіз
Тәуелсіздік күні мерекесі мен үшін өте ерекше мереке. Ол бостандықты білдіреді. Осы жылы Қазақстанымыздың тәуелсіздігіне 32 жыл толып отыр.
Осындай ұлы күні еліміздің гүлденіп – көркеюі жолында аянбай қызмет атқарып жүрген әріптестерімді, жалпы қазақстандықтарды Ұлттық мерекемізбен құттықтап, мықты денсаулық, еңбектеріне табыс тілеймін.
Анар Әділханқызы, сұқбатыңызға көп рақмет. Сізге мықты денсаулық, жұмыста табыс және жанұяңызға амандық тілеймін.
Жансая Қаршығақызы Молдағалиева ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі