
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысында ҒЗТКЖ-ды (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) қаржыландыру мәселелері талқыланып, Қазақстанның технологиялық әлеуетін дамыту үшін басым бағыттар айқындалды.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай AgriTech (органикалық өнімдер), MedTech (превентивті медицина), GreenTech (су), GovTech (мемлекеттік сервистер), Индустрия 4.0, металлургия және жасанды интеллект Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін аса маңызды бағыттарға айналмақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның инновациялық әлеуетін неғұрлым тиімді ашу үшін бөлінетін қаражаттың технологиялық даму басымдықтарына шоғырлануын арттыру қажет екенін атап өтті. Бүгінгі таңда олар – AgriTech (органикалық өнімдер), MedTech (превентивті медицина) және GreenTech (су). Сондай-ақ, басым бағыттарға жасанды интеллект, Индустрия 4.0, GovTech және металлургия салаларын енгізу мәселесін қарастыру ұсынылды.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов осы тәсілдерді қолдай келе, инновациялық қызметті дамыту саласындағы мәселелерді тиімді шешу үшін оған ғылыми қоғамдастықты да, кәсіпкерлік субъектілерін де белсенді тарту қажет екенін атап өтті.
Отырыста MedTech инновациялық бағытын дамыту бойынша ұсыныстар қаралды. Осының аясында eDensaulyq платформасын құру жоспарланып отыр. Мұнда барлық медициналық ақпаратты сақтай отырып, қолда бар медициналық техника мен өндірістік жабдықтар қорын жаңғырту, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес, аккредиттелген зертханалардың үлесін ұлғайту көзделуде.
Әлихан Смайылов аталған инновациялық бағыттың рөлі азаматтардың медициналық қызметтерге сапалы қолжетімділігін қамтамасыз етуде өте маңызды екенін атап өтті.
Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі елдің инновациялық әлеуетін дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдіреді.
ЦДИӨМ баспасөз қызметі