
Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы елшісі Ибодзода Хайрулло мырза «ҚР ЦДИАӨМ-ға қарасты ведомстволық ұйым саналатын Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (РҒБО) ғарыштық инфрақұрылымының басты жерүсті объектісі – «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығына (ҒБО) барды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылғы 14 қыркүйекте «РҒБО» АҚ және «Нет Солюшенс» ЖШҚ «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесін пайдалана отырып, Тәжікстан Республикасының жекелеген ауылдық елді мекендерін Интернет желісіне қосу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Тәжікстан елшілігінің делегациясы «Ақкөл» ҒБО мамандарының сүйемелдеуімен байланыс мониторингі орталығында болып, баллистикалардың жұмысымен танысты, ұшуды басқару орталығында «Kazsat» байланыс спутниктерінің жұмысын онлайн режимде бақылады.
Сапар қорытындысы бойынша «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев пен Тәжікстан елшісі Хайрулло Ибодзода «РҒБО» АҚ мен «Нет Солюшенс» ЖШҚ (Тәжікстан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту жөніндегі ниеттерін тағы да растады, «KazSat-3» ғарыш аппараты арқылы Тәжікстан Республикасының 10 ауылдық елді мекенін қамтамасыз ету жөніндегі техникалық мәселелерді талқылады.
Кеңеске «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігінің басқарма төрағасы Аркен Арыстанов қатысты.