
16 қазаннан бастап отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі «111» бірыңғай байланыс орталығы барлық қалалық нөмірлерден және ұялы байланыс операторларынан тегін қоңырау шалу арқылы бүкіл республика бойынша жұмыс істей бастайды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы өз Жолдауында зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған болатын. 2020 жылдың қыркүйегінен бері «111» байланыс орталығы «АМANAT» партиясының жанынан жұмыс істеп келді. Қазіргі уақытта ҚР Президентінің бастамасын қолдай отырып, партия оны үкіметке тапсырды. Тиісті Меморандумға цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қол қойды.
Бірыңғай сенім телефоны азаматтарға, әсіресе отбасыларға, әйелдер мен балаларға мемлекеттен уақтылы көмек көрсетудің тиімді құралын пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірлер бөлінісіндегі аса өткір проблемалардың мониторингі үшін дереккөз болып табылады.
Ақпараттық-анықтамалық, психологиялық қызметтің функцияларын орындау үшін 34 қызметкерге штат саны бөлінді, келесі жылы 57 адамға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, министрлік тиімділікті арттыру үшін оның техникалық базасын нығайтады.
«Қоңыраулардан басқа, азаматтарға мәтіндік диалогтар арқылы да қажетті көмек көрсетіледі. Байланыс орталығы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық кеңес, психологиялық көмек көрсетеді және әйелдер мен балалардың құқықтарын бұзу фактілерінің алдын алуға көмектеседі», - деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
https://instagram.com/digital_ministry_kz?igshid=MzRlODBiNWFlZA==
https://www.facebook.com/MDAI.KZ?mibextid=9R9pXO