
Бүгін, 2023 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Тулеушин Қаныш Аманбайұлы Ұлытау өңірінің тұрғындарымен онлайн кездесу өткізді.
Жалпы, Ұлытау өңірінде 7 фронт-офис және жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Өткен жылы облыс тұрғындарына 57 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 59 пайызы онлайн режимде.
Ұлытау өңірінде барлығы 80 елді мекен бар. 19 елді мекенде 3G және 25 елді мекенде 4G желісін орнату бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 3 байланыс орталығының инфрақұрылымы жаңғыртылды. Биылғы жылдың басынан бері Ұлытау өңіріндегі байланыс операторларына 26 миллион теңге айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде байланыс операторлары байланыс сапасын жақсартатын базалық станцияларды жабдықтап, қосымша құрылғылар орнатуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға қарай Жезқазған қаласының 60 пайызын 5G технологиясымен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2024 жылдан бастап жыл сайын 12 базалық станция орнатылады. Барлығы 48. 5G қамту орындары мен аумақтары жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып айқындалады.
«Бүгінде ғарыштық мониторинг технологиялары жерді пайдалану, табиғи ресурстарды талдау, экология және төтенше жағдайлар саласындағы маңыздылығын растады», - деді Қ. Тулеушин.
Ғарыштық суреттер үшін KazEOSat-1, CA KazEOSat-2 KazSTSat отандық спутниктік навигациялық жүйелері қолданылады. 2023 жылы Жезқазған қаласы бойынша жүргізілген мониторинг кезінде 5 мыңнан астам тіркелмеген жер учаскелері мен 95 гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Күн сайын 24,5 мың гектар алқаптағы егістікке мониторинг жүргізіледі. Ұлытау өңіріндегі өндірістік және тұтыну қалдықтарының ғарыштық мониторингі бойынша рұқсат етілмеген 205 полигон анықталды.
Министрліктің Ұлытау өңірінде атқарып жатқан жұмыстарының есебін тыңдаған тұрғындар өздерін қызықтырған сауалдарын қоя алды. Барлығы 40-қа жуық сұрақ қойылды, оның басым бөлігі байланыс сапасы мен интернетке қатысты. Жиынға қатысқан ұялы байланыс операторларының өкілдері де өз тарапынан жауап берді. Отырыс қорытындысы бойынша барлық түскен сұрақтардың тізімін жасап, олардың әрқайсысы бойынша жеке жұмыс жүргізу тапсырылды. Министрліктің жауапты департаменттері айтылған мәселелерді шешу үшін жақын арада нақты шаралармен нақты жауаптар бермекші.