
Енді қазақстандықтар Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қашықтан ала алады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80%-ын ЭЦҚ көмегімен алуға болады.
Жеке тұлғаға ЭЦҚ-ны қашықтан алуға өтінімді электрондық үкіметтің egov.kz порталында беруге болады. (Сервистер - ЭЦҚ алу немесе қайта шығару, https://egov.kz/cms/kk/services/pass_onlineecp). Бұл үшін өтінім берушіге веб-камерасы бар компьютер мен жеке куәліктің немесе паспорттың түпнұсқасы қажет.
Өтінімді жіберу үшін азамат цифрлық ID құрып, сәйкестендіру рәсімінен өтуі керек. Ол үшін ақпараттық жүйе ұялы телефон нөмірін енгізіп, компьютер арқылы селфи жасауды және өзінің жеке куәлігінің немесе төлқұжатының түпнұсқасын суретке түсіріп жіберуін сұрайды. Сіздің жеке басыңызды растаған соң, жүйе сізді ЭЦҚ алу бетіне қайта бағыттайды, ол жерде ЭЦҚ-ны сақтауға арналған жолды көрсету қажет.
ЭЦҚ алуға өтінім берген азаматтың телефон нөмірі мобильдік азаматтар базасында тіркелмеген жағдайда, ақпараттық жүйе азаматты ХҚКО операторымен байланыстырады. Оператор өз кезегінде, қосымша бірнеше сұрақ (құжат деректері, тіркелген мекенжайы және т.б.) қоя отырып, бейнебайланыс арқылы сәйкестендіреді.
Электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен қазақстандықтар www.egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы барлық мемлекеттік қызметтердің 80%-ын ала алады.Сондай-ақ, электрондық қолтаңбаны (ЭЦҚ) смартфонға жүктеп, eGovmobile қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Қосымшадағы ЭЦҚ-ныTouch ID немесе Face ID бағдарламасына байлау қолдануды ыңғайлы ете түспек.
ЭЦҚ-ны қашықтан алу барысында қиындықтар немесе сұрақтар туындаған жағдайда кеңес алу үшін 1414 байланыс-орталығына хабарласуыңызға болады.
Анықтама:
Мобильді азаматтар базасы (МАБ) – Азаматтың ЖСН-ы ХҚКО немесеeGov.kz порталы арқылы азаматтың телефон нөміріне байланған "электрондық үкіметтің" телефон нөмірлер базасы. МАБ-та тіркелу бір реттік парольді пайдалана отырып, SMS арқылы бірқатар мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік береді .
еGovmobile мобильді қосымшасын AppStore және PlayMarket-тен жүктей аласыз.