
Бұл туралы министр Facebook жеке парақшасында жазды.
"Достар, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуына жол бермеу үшін өзара қарым-қатынасты азайтуды ұсынады. Осы орайда, сіздерді онлайн режимге ауысуға шақырамын. Мемлекеттік қызметтерді eGov арқылы алыңыз, онлайн-білім беру ресурстарын пайдаланыңыз, тапсырыстарды онлайн беріңіз және ақшамен қолма-қол төлем жасауды азайтыңыз.
Қазір мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80%-ын ХҚКО-ға келмей-ақ, интернет арқылы онлайн алуға болады. Бүгінде мемлекеттік органдар төлқұжат пен куәліктерді ауыстыру, жәрдемақылар алу және АХАЖ қызметтерін онлайн форматқа көшіруге шұғыл кірісіп кетті. Себебі, жоғарыда аталған қызметтерді алу үшін қазақстандықтар ХҚКО-ға жиі келеді. Жүргізуші куәлігі, техникалық құжат, азаматтық хал актілері бойынша куәліктер eGov мобильдік қосымшасына енгізіледі және бұл құжаттардың электрондық көшірмесін смартфоннан көрсетуге болады. Таяуда ХҚКО-ға бармай ЭЦҚ алу мүмкіндігі ұсынылады, бұл мәселені мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтадық. Бұл жұмыстар халыққа ұсынылатын электрондық қызметтердің санын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Осымен қатар, онлайн қызметтерді үздіксіз ұсыну үшін біз 1414 кол-орталығының және электронды үкімет сервистері әкімшілерінің жұмысын күшейтеміз.
Мемлекеттік органдарда қарым-қатынасты барынша азайту үшін жиналыстар мен кеңестер бейнеконференция байланысы форматына өткізіледі. ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның отырысында орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға қағаз құжаттарға қол қоюды және келісуді алып тастау тапсырылды. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда мемлекеттік қызметшілердің қашықтан жұмыс істеуіне техникалық мүмкіндіктер пысықталуда.
Білім беру мекемелері қашықтан оқыту форматына ауысуда. Әкімдіктерге білім беру ұйымдары үшін байланыс арналарын кеңейту тапсырылды.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, байланыс операторлары желілердің үздіксіз жұмыс істеуін және өткізу қабілетін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
Сіздерді жаңадан абылданған шешімдер мен шаралар туралы хабардар етемін. Барлықтарыңызға мықты денсаулық! Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз! Қызметті сайтта алыңыз egov.kz және eGov mobile қосымшасында", - деп жазды министр.