Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттары туралы

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттары туралы

Мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде, оның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және қоғамдық мүдделерді қанағаттандыру үшін ерекше рөл атқарады.

Қоғам мемлекеттік қызметшілер өзінің лауазымдық өкілеттіктерін адал және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындайды деп сенеді.

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (бұдан әрі – Кодекс) қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым – қатынастардың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын белгілейтін құқықтық құжат болып табылады.

Атап айтқанда, Кодексте мемлекеттік қызметшілерге:

қарапайым болу, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтау;

мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;

азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, жөнсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен сынға себепкер болмау;

азаматтардың көз алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделін түсіретін іс-әрекеттер жасауға жол бермеу;

жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын, сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау;

мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану көзделген.

Кодекс қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттарын да айқындайды.

Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста:

ұжымда іскерлік және жанашыр өзара қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;

басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге не оған жол бермеу жөнінде өзге де шараларды қабылдауға;

ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан тартынуға;

өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудың үлгісі болуға;

қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және оған қолсұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасауға бағытталған шаралар қабылдауға;

жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларға үйлеспейтін әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;

әріптестеріне қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге;

әріптестеріне өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс.

Кодекс сонымен қатар көпшілік алдында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттарын белгілейді.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасатын қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.