
Алматыда "Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы" халықаралық форумы өз жұмысын аяқтады. Биыл форум жұмысына ЕАЭО үкіметтерінің басшылары, ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші саяси көшбасшылар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
"Деректер мен жасанды интеллект негізінде өңірдің тұрақты дамуын құру жолдары" тақырыбы талқыланған пленарлық сессия Форумның негізгі іс-шарасы болды. Пленарлық сессия жұмысына Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы М.В.Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі С.Н.Румас, Молдова Республикасының Премьер-министрі И.В. Кику, Армения Премьер-министрінің Бірінші орынбасары М. Григорян, Қырғыз Республикасы Премьер-министрінің Бірінші орынбасары Ж.П.Разаков, Еуразия Экономикалық комиссиясы Алқа төрағасы Т.С. Саркисян, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф.Хохшильд және басқалар қатысты.
"Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету үшін цифрлық ынтымақтастық" панельдік сессиясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырудағы цифрландырудың маңыздылығы туралы айтты. Халықаралық сарапшылар еліміздің цифрлық жетістіктерін айта келе, еліміз үшін ең бастысы – барлық цифрлық бағыттардағы жұмысты күшейту деген ортақ пікірге келді.
Сондай-ақ, форум аясында Асқар Жұмағалиев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, ЮНИСЕФ-тің инновациялар жөніндегі аға кеңесшісі Кристофер Фабианмен, Халықаралық электр байланысы одағының Даму бюросы директоры Дорина Богдан-Мартин, Дүниежүзілік Банктің цифрлық даму басшысы Джейн Тредвеллдің төрағалық еткен Дүниежүзілік Банк делегациясымен, One Web Бас коммерциялық директоры Николай Зиббель және басқалармен кездесті. Келіссөздер барысында ауыл тұрғындарының сапалы интернетке қол жеткізуін арттыру, цифрландыру жұмыстары мен инновацияларды одан дамыту және ілгерілету мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Форум аясында алғаш рет IT-шешімдер көрмесі өтті, онда қазақстандық инновациялық компаниялар мен стартап- жобалар өз өнімдерін цифрлық сала алыптарымен тең дәрежеде көрмеге қойып, таныстыруға мүмкіндік алды. Көрмеге Қазақстанның 8 ірі IT-компаниясы, сондай-ақ Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркінің стартаптары - Clockster және Kid Security жобалары қатысты.
Бұдан басқа, ЕАЭО мүше-мемлекеттердің үкімет басшылары "Қала үшін ең үздік ІТ-шешім", "Ең үздік стартап-жоба", "Big Data – жыл компаниясы", "Мемлекеттік сектордағы ең үздік ІТ-жоба", "ІТ саласындағы жыл ханымы" және "жылдың IT-чемпионы" номинациялары бойынша "Digital Almaty Awards" байқауының жеңімпаздары марапатталды.