
Ауқымды деректер, жасанды интеллект, стартаптар және венчурлік қаржыландыру. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Сингапурдың Аға Министрі және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші министрі Тео Чи Хинмен кездесуде цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
«Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық паркін аралау кезінде Сингапур саясаткерлеріне «Astana Hub» стартапшыларына ұсынылған мүмкіндіктер мен олардың жұмыстарының нәтижелері көрсетілді.
Кездесу барысында Сингапурдың әлемдегі ең инновациялық-белсенді мемлекеттердің бірі ретінде өзінің дамуында білімге, экономиканың барлық деңгейлеріндегі инновацияларға, инфрақұрылымды дамытуға және халықаралық нарыққа ашық болуға барынша көңіл бөліп отырғаны айтылды. Қазақстанның да цифрландыру үдерісінде жоғарыда аталған бағыттарға басымдық беріп отырғанын айтып өткен жөн.
Сарапшылар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту әлеуетінің жоғары екенін тілге тиек етіп, киберқауіпсіздік, бірлескен білім беру бағдарламалары, шағын және орта бизнестің ірі корпорациялармен цифрлық қызметтер мен бизнес-модельдер бөлігіндегі кооперациясына ықпал ету бағыттары бойынша ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндігін атап өтті.
