
Сапардың негізгі мақсаты цифрландыру аясында мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы диалогтық алаң - "Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар және бизнес" атты IT форумға қатысу.
Стартаперлер мен жаңашылдар, бизнесмендер, ұлттық компаниялардың басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосатын IT-форумды Павлодар қаласында өткізу кездейсоқтық емес.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Асқар Жұмағалиев, Павлодар облысында инновацияларды енгізу және цифрлық экожүйені құру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Өңірде ІТ және бұлтты сервистер саласына инвестиция тарту, транзиттік әлеуетті дамыту және өткізу нарығын кеңейту үшін жағдайлар жасалып жатқандығын айтып өтті.
"Еліміздегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 7,3%-ы Павлодар облысында шоғырланған. Өңірдегі кейбір кәсіпорындар цифрландыру үдерісіне белсенді қатысуда. Мысалы, "Ақылды карьер" жүйесі енгізілді, басқару әдістері, электр энергиясын коммерциялық есепке алу, GPS және тағы басқалар автоматтандырылды. Біз мұндай жұмыстың нәтижесі 2022 жылға қарай кәсіпорындардың операциялық шығындарын 15%-ға қысқартып, еңбек өнімділігін шамамен 40%-ға арттырады деп болжаймыз. Осы орайда, біздің ортақ міндетіміз - осындай оң тәжірибелердің санын көбейту, ауқымын кеңейту және инновацияларды енгізуді қамтамасыз ету. Мұндай форумдар инновациялық экожүйелер элементтері мен кәсіпорындардың жұмысын ұйымдастыруда өзара тәжірибе алмасуға және тәсілдерді жақсартуға мүмкіндік береді", - деді Асқар Жұмағалиев.
Форум барысында азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған IT-жобалар ұсынылды. Осыған байланысты кездесу қорытындысы бойынша ең үздік жобалар базасын қалыптастыру туралы шешім қабылданды. Бизнес өкілдері аталған базаға енгізілген жобалармен танысып, оларды өндірісте қолдану перспективаларын зерттеп, өздерін қызықтырған жобаларға және әлеуетті табысты бастамаларға қолдау көрсету, қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын болады.
Хакатондар сериясының жеңімпаздарын марапаттаған соң, Асқар Жұмағалиев пен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Павлодар мемлекеттік университеті мен Аstana Hub халықаралық технопаркі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.
Аталған құжат жобаларды қолдау және дамытуды, Павлодар облысының IT Hub және Аstana Hub арасындағы өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдайлар жасауды, оның ішінде оқыту іс-шараларын өткізу, инновациялық қызметті көпшілікке тарату, инвестициялық мәдениетті арттыруда өзара іс-қимылды дамытуды көздейді.

