1 қыркүйекке Қазақстанда 200 ауыл кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіледі

1 қыркүйекке Қазақстанда 200 ауыл кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіледі

Байланыс операторлары қабылданған міндеттемелерге сәйкес республиканың бес облысында алдағы үш ай ішінде  шалғайда орналасқан ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық желілерді (ТОБЖ) тарту жұмысын іске асырады. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында орналасқан 201 ауыл жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі, бірінші кезекте  223 мектеп, 191 аурухана мен 117 әкімдіктің интернетке қолжетімділігі ұйымдастырылады.

2019 жылы "Талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету" жобасын іске асыру шеңберінде 685 ауылдық жерде  орналасқан 2000-нан астам мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарды қосу жоспарлануда.

Бұл жұмыс "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыру және ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындау шеңберінде жүргізіледі. Елді мекендердің тізімі келесі критерийлерді ескере отырып құрылған: аудан орталықтары мен қаладан қашықта орналасуы, халықтың саны 500 тұрғыннан кем болмауы, мемлекеттік, білім беру және медициналық ұйымдардың бар болуы.

"Қазіргі заманғы телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс халыққа заманауи байланыс қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3% - ға жетті. Бұл ретте АЕМ ТОБЖ жобасы цифрландыруда негізгі рөл атқарады және Қазақстандағы МЖӘ-нің ең ауқымды республикалық жобасы болып  есептеледі және осы бағыттағы жұмыс өз жалғасын табады",- деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың қазан айында "Қазақтелеком" АҚ мен "Транстелеком" АҚ және "SilkNetCom" ЖШС-нен құрылған консорциум өкілдері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігімен "Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету" жобасына қатысты шартқа қол қойды. Жалпы ұзындығы 20 мыңнан астам км. құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту  жобасын іске асыру нәтижесінде 1250 АЕМ-де 3 718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйым (аурухана, мектеп, жергілікті атқарушы органдар, авариялық қызметтер, қорғаныс объектілері және құқық қорғау органдары) жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Жобаны іске асыру 2018 жылы басталды және жыл қорытындысы бойынша 56 АЕМ-де орналасқан 177 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарға байланыс қызметтері ұсынылды.

Жобаға сәйкес, жеке серіктестер мемлекеттік органдар мен бюджеттік сала мекемелері үшін жалпы өткізу қабілеті 50 Мбит/с кем емес телекоммуникациялық инфрақұрылым салу арқылы байланыс қызметтерін ұсынады. Сонымен қатар, сала сарапшыларының пікірінше, құрылған инфрақұрылым ұялы операторлардың өз қызметтерін дамытуға  ықпал етпек.

Серіктестерге жүктелген міндеттемелерге сәйкес, жобаны одан әрі іске асыру интернетке қосу кестесіне сәйкес жоспарланады.