Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңесті қалыптастыру туралы хабарландыру

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы Қоғамдық кеңесті қалыптастыру бойынша конкурс жариялайды.

Конкурсқа коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидаттарды коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар, оның ішінде өзін-өзі ұсыну арқылы да ұсына алады.

Кандидаттарға қойылатын талаптар:

  1. Қоғамдық Кеңестің мүшелігіне кандидат он сегіз жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы бола алады.

Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы болмауы;

 2) сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танымаған болуы;

 3) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауы қажет.

Құжаттар тізбесі:

1) кандидатураны Қоғамдық кеңестің құрамына ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың өтініші;

 2) өмірбаян деректері көрсетіле отырып, кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;

 3) сотталғандығының болуы не болмауы туралы анықтама;

 4) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) болуы не болмауы туралы анықтама;

 5) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес кандидаттың дербес деректерін жинауға, өңдеуге, таратуға және жариялауға келісімі.

Қоғамдық кеңестің жұмыс істеп тұрған мүшелері жалпы негіздерде конкурсқа қатысу үшін өз өтініштерін бере алады.

Қоғамдық кеңестің сандық құрамы – 23 адам. Оның ішінде:

  • Мемлекеттік орган өкілдері қатарынан – 3;
  • Азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар қатарынан – 20.

Конкурсқа қатысуға арналған құжаттар 2025 жылғы 12 қыркүйектен 25 қыркүйегіне дейін a.kabylov@mdai.gov.kz электрондық пошта мекенжайы арқылы немесе Астана қаласы, «Мәңгілік Ел» даңғылы 55/5, С – 2.4 мекенжайы бойынша, 1.19 кабинетте қабылданады.

 

Дата публикации
11 сентября 2025