Бүгінгі таңда ақпараттандырудың белсенді дамуына байланысты ақпаратты сақтаудың, берудің және өңдеудің қолданыстағы жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Сонымен қатар, ақпарат объектілеріне зиян келтіруге бағытталған жүйелер де дамып келеді. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ең алдымен, тәуекелдердің алдын алуға және келтірілген залалды жоюға бағытталуы тиіс.
Ақпараттандырудың барлық объектілері оны құру, тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалану, дамыту және пайдалануды тоқтату кезеңдерінен өтеді. Бұл өнеркәсіптік пайдалануға енгізер алдында міндетті түрде ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау рәсімінен өтетін ақпараттық жүйелерге де қатысты.
«Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау нәтижелері бойынша акт беру» мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған және «е-лицензиялау» веб-порталы арқылы көрсетіледі.
Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін міндетті сынауға жататын сынақ объектілеріне:
1) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасында құрылған және (немесе) орналастырылған бағдарламалық қамтылым (бағдарламалық өнім);
2) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасы;
3) мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің интернет-ресурсы;
4) мемлекеттік органның, мемлекеттік заңды тұлғаның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің ақпараттық жүйесі;
5) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері;
6) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйе жатады.