Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 9 маусымдағы № 1311 Жарлығымен Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді.
Аталған құжат елдің цифрлық трансформациясының мақсаттарын, міндеттері мен басым бағыттарын айқындайды. Ол азаматтардың мүддесіне бағытталған цифрландыруды, бизнес пен экономиканы дамытуды, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді қамтиды. Негізгі басымдықтар ретінде жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, кадрлар даярлау және деректерге негізделген басқару жүйесіне көшу белгіленген.
Осы бағыттар бойынша жұмысты жалпы үйлестіру Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүктелген. Министрлік тиісті шараларды мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады.
Стратегиялық тәсілдердің өзектілігін сақтауға ерекше мән беріледі. Осыған байланысты құжаттың 3.3-бөлімінде Alem.AI базасында әлемдік озық тәжірибелерді ұлттық жасанды интеллект экожүйесіне жүйелі түрде интеграциялау тетігін қалыптастыру көзделген
Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі халықаралық стратегияларға, технологиялық үрдістерге, реттеу тәсілдеріне, сондай-ақ жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқаруда қолдану тәжірибесіне тұрақты талдау жүргізілетін болады. Алынған нәтижелер ұлттық саясатты өзектендіруге, стратегиялық басымдықтарды нақтылауға және жаңа бастамаларды әзірлеуге негіз болады.
«Digital Qazaqstan» іске асырылған кезеңде қол жеткізілген нәтижелер, жаңа технологиялық мүмкіндіктер мен елдің қажеттіліктері ескеріле отырып, құжатта белгіленген міндеттер мен ережелердің өзектілігі мерзімді түрде бағаланады. Қажет болған жағдайда оған белгіленген тәртіппен өзгерістер енгізіледі. Өзекті редакциясы мен іске асырылу барысы туралы ақпарат ашық қолжетімділікте жарияланады.
Сонымен қатар құжатты жаңарту барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа тапсырмалары, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында айқындалған міндеттер, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы жаһандық үрдістер назарға алынады.
Мұндай тәсіл ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізудегі жүйелілікті сақтауға және оларды іске асыру құралдарын технологиялық ортадағы өзгерістерге уақтылы бейімдеуге мүмкіндік береді.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/U2600001311