Мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның екі өңіріндегі сыйымдылығы шағын үйлерде көрсетілетін қызметті алушылардың саны 30 адамға артатын болады.
Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылы жеке секторды тарта отырып, пилоттық жоба шеңберінде Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларында жалпы 130 төсек-орынға есептелген сыйымдылығы шағын бар үйлер ашылды. Сыйымдылығы шағын үйлер көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғылықты жеріне тікелей жақын орналасқан және жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаты бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Сыйымдылығы шағын үйлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің мынадай 8 түрі ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызметтер.
2023 жылы сыйымдылығы шағын үйлер арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтермен 110 мүгедектігі бар бала қамтылды (психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар).
Пилоттық жобаны табысты іске асыруға және мүгедектігі бар балалардың ата-аналары тарапынан сыйымдылығы шағын үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге сұраныстың артуына байланысты жергілікті атқарушы органдар Қарағанды облысының Осакаров ауданында 10 төсек-орындық сыйымдылығы шағын үй ашу және Түркістан қаласында жұмыс істеп тұрған сыйымдылығы шағын үйді 20 төсек-орынға кеңейту туралы шешім қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 724,9 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 625,4 мыңы ересектер, 109,4 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар.
2023 жылдың қорытындысы бойынша 136 мыңнан астам адам әлеуметтік қызмет көрсету жүйесімен қамтылды, оның ішінде 65 мыңы – мүгедектігі бар адамдар, оның 25 мыңнан астамы – мүгедектігі бар балалар.
2023 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 830-ға жуық мемлекеттік субъект ұсынады.