ШЕТЕЛ ЖҰМЫС КҮШІН ТАРТУ САЛАСЫНДА
1. Рұқсат беру және (немесе) ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында жұмыскерлердің мынадай санаттары белгіленеді:
1) бірінші санат – бірінші басшылар мен олардың орынбасарлары;
2) екінші санат – кәсіптік стандарттарда, басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін құрылымдық бөлімшелер басшылары;
3) үшінші санат – кәсіптік стандарттарда, басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандар;
4) төртінші санат – кәсіптік стандарттарда, Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін білікті жұмысшылар.
2. Жергілікті атқарушы орган рұқсаттарды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде береді.
3. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданыстағы, бұрын берілген рұқсаттардың саны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлген квотаның тиісті күнтізбелік жылға арналған санынан аспауға тиіс.
4. Жергілікті атқарушы орган мынадай шарттар:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 70%;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының саны үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 90% шарттарын сақтаған кезде рұқсат беру және (немесе) ұзартуды жүзеге асырады.
Қадрлардағы жергілікті қамтуды есептеу кезінде шетелдік жұмыскерлер қатарында 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық қауымдастық туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары есептелмейді.
Жұмыс беруші кадрлардағы жергілікті қамту туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту тәртібі мен шарттары (бұдан әрі – Қағида) 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша ұсынады.
5. Осы Қағидалардың 6-тармағы:
1) шағын кәсіпкерлік субъектілеріне;
2) мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға;
3) Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 21) тармақшасына сәйкес өз бетінше жұмысқа орналасу үшін Қазақстан Республикасына келген шетелдік жұмыскерге;
4) Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде шығу елдері бойынша квота шеңберінде берілген рұқсаттарға;
5) шетелдік заңды тұлғаның жұмыскерлерінің саны 30 адамнан аспайтын өкілдіктері мен филиалдарына қолданылмайды.
6. Басымды жобалар үшін кадрлардағы жергілікті қамту жөніндегі шарттарды аумағында жобалар іске асырылып жатқан жергілікті атқарушы органмен және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша мүдделі орталық мемлекеттік органдар айқындайды.
7. Рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін жұмыс берушілерден "Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі № 157 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелеріне сәйкес салық алымы (бұдан әрі – алым) алынады.
8. Рұқсат алу үшiн жұмыс берушi не олардың өкілі "Е-лицензиялау" мемлекеттік дерекқоры" ақпараттық жүйесі арқылы не қағаз түрінде шетелдік жұмыс күшінің еңбек қызметін жүзеге асыру жері бойынша жергілікті атқарушы органға осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес шетелдік жұмыскерлерді тартуға рұқсат алу үшін ұсынылатын құжаттарды, сондай-ақ тегі, аты, әкесінің аты (оның ішінде латын әріптерімен), туған күні, айы мен жылы, азаматтығы, паспортының (жеке басын куәландыратын құжатының) нөмірі, берілген күні және берген орган, тұрақты тұратын елі, шығу елі, білімі, Қазақстан Республикасында қолданылатын кәсіптік стандарттарға, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына, Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына және 01-99 "Кәсіптер сыныптауышы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыныптауышына сәйкес мамандығының, біліктілігінің (лауазымының) атауы көрсетіле отырып, тартылатын шетелдік жұмыскерлер туралы мәліметтерді қоса бере отырып, осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш бередi.
9. Осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген құжаттар толық көлемде берілмеген және (немесе) белгіленген нысан бойынша толтырылмаған жағдайларда жергілікті атқарушы орган олар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінішке қоса берілген құжаттарды қайтарады және жұмыс берушіге құжаттардың қайтарылғаны туралы (Қағидаларға сәйкес берілмеген және (немесе) белгіленген нысан бойынша толтырылмаған құжаттарды көрсете отырып) жазбаша негіздеме береді.
Құжаттарды қағаз түрінде қабылдаған кезде жергілікті атқарушы орган жұмыс берушіге осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес қабылданған құжаттардың тізбесін көрсете отырып, қолхат береді.
10. Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат:
1) бірінші санат үшін – жыл сайын он екі ай мерзімге ұзартумен он екі ай;
2) екінші және үшінші санаттар үшін – он екі ай мерзімге, бірақ үш реттен артық емес ұзартумен он екі ай;
3) төртінші санат үшін – ұзарту құқығынсыз он екі ай;
4) маусымдық шетелдік жұмыскерлер үшін – ұзарту құқығынсыз он екі айға дейінгі мерзімге беріледі.
11. Жергілікті атқарушы орган рұқсат беру не рұқсат беруден бас тарту туралы шешімді жұмыс берушінің құжаттарын қабылдаған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Жергілікті атқарушы орган шешімді жергілікті атқарушы орган құратын Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) ұсынымдарының негізінде қабылдайды.
12. Комиссияның құрамына ішкі істер органдарының, білім беру саласындағы органның және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның өкілдері кіреді.
13. Жұмыс беруші не оның өкілі өз ұйғарымы бойынша Комиссияның отырысына қатыса алады. Жергілікті атқарушы орган отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде үш жұмыс күні қалғанда өзінің интернет-ресурсында Комиссия отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы ақпаратты орналастырады.
14. Жергілікті атқарушы орган "Е-лицензиялау" мемлекеттік дерекқоры" ақпараттық жүйесі арқылы не жазбаша жұмыс берушіге рұқсатты беру не беруден бас тарту, ұзарту не ұзартудан бас тарту туралы қабылданған шешім жөнінде оны қабылдаған күннен кейін бір жұмыс күні ішінде хабарлайды.
15. Рұқсатты беру және (немесе) ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда жергілікті атқарушы орган жұмыс берушіге осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес хабарлама жібереді.
16. Рұқсатты беруден немесе ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың 10-тармағында сәйкес оның негіздемелерін көрсетеді.
17. Жұмыс беруші рұқсатты беру туралы хабарлама алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде "Е-лицензиялау" мемлекеттік дерекқоры" ақпараттық жүйесі арқылы не қағаз түрінде жергілікті атқарушы органға рұқсатты бергені үшін алымды енгізгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін береді.
Жұмыс беруші хабарлама алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға алымды төлегенін растайтын құжаттарды бермеген кезде жергілікті атқарушы орган рұқсатты беру туралы шешімнің күшін жояды.
18. Жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген құжаттардың көшірмелерін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде "Е-лицензиялау" мемлекеттік дерекқоры" ақпараттық жүйесі арқылы не қағаз түрінде жұмыс берушіге рұқсат береді.
Жұмыс берушi екі жұмыс күнi өткен соң рұқсатты алуға келмеген жағдайда жергілікті атқарушы орган пошталық жөнелтiлiмдi алу туралы хабарламаны ала отырып, рұқсатты жұмыс берушiнiң тiркелген мекенжайы бойынша пошта арқылы жібереді.
19. Мынадай:
1) бөлінген квотаның мөлшерінен асып кеткен;
2) жұмыс беруші осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген шарттарды сақтамаған;
3) жұмыс берушінің шетелдік жұмыскерлерді рұқсатсыз тарту фактісі анықталған. Мұндай жағдайда осындай факті анықталған күннен бастап он екі ай бойы жаңа рұқсаттар берілмейді;
4) шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейі (кәсіби даярлығы) және практикалық жұмыс тәжірибесі (еңбек өтілі) кәсіптік стандарттарға, Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес жұмысшы кәсіптеріне және басшылар, мамандар және қызметшілер лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейді және ұзартылмайды.