
«РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР
«Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» тақырыбында республикалық онлайн семинар өтті. Семинарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың ресми интернет-ресурстарына мемлекеттік тілдің қолданылуына мен контент орналастырудың үлес салмағына мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылы «Тіл-Қазына» ҰҒПО тарапынан 100 ресми интернет-ресурсқа мониторинг жүргізу жоспарлануда.
Мониторинг интернет-ресурстарда мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданысын зерделеу, қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ ресми сайттарды анықтап, қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосуға ықпал ету.
Ағымдағы жылы Мониторинг жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің екінші деңгейлі банктердің, әуежайлардың, халық тұтыну қызметтерінің, мемлекеттік қорлардың, құрылыс компанияларының, туристік агенттіктердің, сондай-ақ жекеменшік мектептердің, оқу орталықтарының ресми сайттарына жүргізіледі.
Республикалық семинарға мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, баспасөз қызметі, сайт әкімшілері, аудармашылар және басқа да ресми сайттарды жүргізуге жауапты мамандар қатысты.
Атап айтқанда, интернет-ресурстар мынадай талаптарға сай болуы керек: ресми сайттың мемлекеттік тілдегі парақшасының болуы, негізгі беттің мемлекеттік тілде ашылуы, мемлекеттік тілдегі құжаттамалар, ресми құжаттар, нормативтік-құқықтық актілердің қазақ тілінде сауатты және ақпараттың сапалы берілуі.
Сонымен қатар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 16-бабына сәйкес, мемлекеттiк мекемелердің интернет-ресурстарында ресми құжаттар, қаулылар, бұйрықтар, ресми жаңалықтар, баспасөз парағы, инфографика, жарнамалық баннерлер, сондай-ақ мекеме (ұйым) қызметi туралы жалпы ақпарат, байланыс деректерi және тағы басқа да ақпараттардың болуы қажет.
Семинарға қатысушылар интернет-ресурстардың мониторинг жүргізуге қатысты сұрақтарға толымды жауап алып, жобаны тиімді іске асыруға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.