«Қазақша VIBE» TEDx форматындағы кездесу туралы
Жамбыл облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылғы 1 наурызда «Қазақша VIBE»» атты TEDx форматында кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – өңірде тіл саясатын насихаттау, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілді интеллекті орта қалыптастыру, тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген түрлеріне бір уақытта табанды қарсы тұрып, оның алдын алу және болдырмау, сондай-ақ мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің, республикаға танымал мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері мен тіл жанашырлары қатысты.
TEDx форматындағы кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Рахымжанов Қайыржан Алдашұлы, блогер, Қазақстанның “100 жаңа есімі” жобасының жеңімпазы, “Шапағат” мемлекеттік наградасының иегері, республикалық және халықаралық сайыстарының лауреаты Алексей Лодочников, Павлодар қаласының №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, тіл жанашыры Гросс Инга Райнгольдов, Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Нуралиева Динара Хатамовна және т.б. спикер ретінде қатысып өз ойларын ортаға салды.
Атап айтқанда, республикалық және халықаралық сайыстарының лауреаты Алексей Лодочников «қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру – бүгінгі күннің заман талабы» десе, Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры Нуралиева Динара Хатамовна «мемлекеттік тілді меңгеру әрбіріміздің міндетімізге айналу керек. Мен осы бағыттағы жұмысымды одан әрі жалғастырып, қазақ халқының өнерін насихаттауға кірісемін» - деп өз ойын қорытындылады.
Кездесу соңында қатысушылардан келіп түскен сұрақтарға жауап берілді.