"ЕҢ САУАТТЫ ЖАРНАМА - ТІЛ АБЫРОЙЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ

"ЕҢ САУАТТЫ ЖАРНАМА - ТІЛ АБЫРОЙЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ

«ЕҢ САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ АБЫРОЙЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ

 

 Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының шеңберінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттыру және тіл мәдениетін жетілдіру мақсатында Астана қаласының  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «ЕҢ САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ АБЫРОЙЫ» атты республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың, оның ішінде жарнама мәтінінің сауатты берілуіне оң бетбұрыс жасау, осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге және қадағалап, түзету жұмыстарын жүргізуге атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру жұмыстарын жүргізу.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы – Е. Тілешов құттықтау сөзінде, сыртқы жарнама мен маңдайшалардағы орфографиялық және стилистикалық қателер бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырғаны жасырын емес. Бұл қателіктер мәтінді түсінуді қиындатады және тұтынушылардың жалпы сауаттылығына теріс әсер етеді. Осы тұрғыда бүгінгі өткізіліп отырған байқаудың аталған мәселелерге қоғам назарын аудара отырып, бизнес өкілдері мен жеке азаматтардың және жалпы қоғаммен бірге осы саладағы проблемаларды бірлесе шешудегі рөлінің маңыздылығын атап өтті.

Байқаудың бірінші туры облыстық деңгейде өтіп, 14 қатысушы екінші турға жолдама алған, оның ішінде 8 үміткердің жұмысы бағалауға лайық деп танылды.

Осы ретте қазылар алқасының төрағасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Бекжан Әбдуәлиұлы да жеңімпаздарды құттықтап, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Байқау нәтижесі бойынша I орынға Орынбаева Эльмира (Қарағанды обл.) лайықты деп танылды. II орынды Қайыр Біржан (Ақмола обл.) және Финько Лидия (Жамбыл обл.) иеленсе, ІІI жүлделі орынды Нұрғазина Ардақ (Алматы қ.), Байжанова Салтанат (Қызылорда обл.), Тулеева Жадыра (Шымкент қ.) өзара бөлісті.

Сонымен қатар Түркістан облысының үміткері Байтураев Закирджан мен Ұлытау облысының қатысушысы Қасым Жұлдыз ынталандыру сыйлықтарына ие болды.