«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРЫ ОРАЛДА ӨТТІ

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРЫ ОРАЛДА ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп 2023 жылғы 16 маусымда Орал қаласында «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» тақырыбында республикалық семинар өткізді.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының 114-тармағын (тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген түрлеріне бір уақытта табанды қарсы тұрып, оның алдын алу және болдырмау, сондай-ақ мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру) орындауға бағытталған.
Республикалық семинардың жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Мемлекеттік тілді дамыту қорының өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту мәселесіне жауапты басшылары мен мамандары, Батыс Қазақстан облысының тіл жанашырлары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестік филиалдарының төрағалары, полиция департаменті, ішкі саясат, қоғамдық даму, білім, мәдениет басқармаларының басшылары, этнос өкілдері қатысты.
Республикалық семинарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Е. Тлешов пен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің Аппарат басшысы А.А. Шыныбеков кіріспе сөзбен ашып, республикалық іс-шараның жұмысына сәттілік тіледі.
Республикалық семинарда сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік тілдің рөлі, Павлодар облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары С.М. Сәдуақасов өңірде мемлекеттік тілді дамыту, сондай-ақ тілдік кемсітушіліктермен күрес, олардың туындауына жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндаса, Қостанай облысы Тобол мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Е. Гедзур, Ақтөбе және Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Лолер Натан Давид пен М.Золотарь мемлекеттік тілді қалай оқып-үйренгендері туралы өз ойларын баяндап, пікірлерімен бөлісті.
Қатысушылар тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстары назарға алынды.