
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері Түркияға барған іссапар аясында Юнус Эмре институтының түрік тілін оқыту бағытындағы жұмысымен танысты.
Институт 2007 жылы Түркия мен түрік тілін, оның тарихын, мәдениеті мен өнерін насихаттау, сондай-ақ шетелде түрік тілінде білім алғысы келетін адамдарға қызмет көрсету мақсатында құрылған.
Бүгінде Мәдениет министрлігі тарапынан қаржыландырылатын Юнус Эмре институтының 80-нен аса филиалы 65 мемлекетте жұмыс жасауда.
Институт тіл үйретуге арналған түрлі оқу-әдістемелік кешендер шығарады, арнайы порталы бар.
Түрік тілі курсы Институт орталығының әдіскерлері тарапынан әзірленген арнаулы бағдарлама негізінде жүргізіледі.
Оқытушысы тыңдаушыларға сабақ бермес бұрын түрік тілін С2 деңгейінде білетінін сертификат арқылы растауы қажет. Яғни, жоғары оқу орындарында түрік тілінен сабақ беру үшін Юнус Эмре институтының сертификаты болуы міндетті.
Түрік тілі тестілеу жүйесінің «Қазтест» жүйесінен ерекшелігі, бұнда лексика-грамматика бөлігі жоқ. Қалған «оқылым», «тыңдалым», «жазылым», «айтылым» бөлімдері қарастырылған. Сертификаттық тестілеу жылына 3-ақ рет өткізіледі. Cертификат 5 жылға жарамды.
Осы орайда «Қазтест» жүйесін халықаралық аккредитациялау тұрғысынан Юнус Эмре институтының тәжірибесі зерделенетін болады.