
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Көпшілік алдында сөз сөйлеуді меңгерту әдістері» атты республикалық үш күндік онлайн-семинар өткізді.
Бұл шара өңірлік Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушы-әдіскерлеріне арналды.
Семинар бағдарламасына сай КИМЕП университетінің профессоры, ф.ғ.д. Зәуреш Ерназарова сөз тақырыбын анықтау, сөзді құрастыру жолдары, сөз мақсаты мен концептісін айқындау стратегияларының түрлері, сөз модельдері мен оларды меңгерту әдістері, сөздік қорды дамытуға байланысты жүргізілетін жұмыс түрлері тақырыптарында дәріс жүргізіп, әр тақырып аясында практикалық жұмыстар ұйымдастырды.
Семинар соңында Тіл саясаты комитеті Әдістемелік қамтамасыз ету және лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, ф.ғ.к. Айнагүл Көкен Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушы-әдіскерлерінің жұмысына пайдалы дәріс оқығаны үшін Зәуреш Шаршабекқызына алғысын білдірді.
Семинар жұмысының қорытындысы негізінде анықталған белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталатын болады.