
2023 жылғы 29 мамырда Халықаралық Түркі Академиясының ұйымдастыруымен Астана қаласында Түркі әлемі ортақ әліпбиі комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) І отырысы өткізілді. Отырысқа Түркі мемлекеттер ұйымына мүше: Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан Комиссия мүшелері, тіл білімі ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысты.
Түркі халықтары әліпбилерін үйлестіру – бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықтағы маңызды бағыт. 2021 жылы Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшыларының VIII саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламалық құжатында әліпби және терминология саласында ортақ ұстанымдарға қол жеткізу көзделген. Сондай-ақ Халықаралық Түркі Академиясын құру туралы келісімде ортақ әліпби әзірлеу көрсетілген.
Отырыста ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ. Тумыш ортақ әліпби бойынша бір тоқтамға келу – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының тапсырмасы екенін атап өтті.
Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаев түркі халықтарының ортақ әліпбиге көшу тарихы туралы, Түркия Республикасы Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих бас мекемесінің басшысы Ю.Өзген, Солтүстік Кипр Түркі Республикасы Шығыс-Жерорта теңізі университетінің деканы А.Пехливан, Түрік тілі қоғамының президенті О.Мерт ортақ түрік әліпбиі туралы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов Қазақстан тарапынан латын әліпбиіне көшу барысындағы жұмыстар туралы баяндама жасады.
Отырыстың 1-сессиясы әліпби бірлігін қамтамасыз ету және тіл саясаты мәселелері бойынша Е.Тілешов модераторлық етті. Насими атындағы Лингивистика институтының бас директоры Н.Мамедли, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инистутының директоры А. Фазылжан, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары Д. Исраилова, Өзбек тілі әдебиеті және фольклоры институтының ғалым-хатшысы Г. Исмаилов, Түрік тілі қоғамының басшысы О. Мерт сөйледі.
2-сессияда Ә.Науаи атындағы Өзбек тілі мен әдебиеті университетінің ректоры Ш.Сирожиддиновтың модераторлығымен қатысушылар Комиссия ұсыныстарын қарау ережесі жобасымен танысты, талқылады және мақұлдады.
3-сессия барысында ортақ әліпби әзірлеудің жол картасы қарастырылды. Оған Ю.Өзген жетекшілік етті. Комиссия мүшесі Е.Тілешов Ортақ түрік әліпбиіне қазақ әріптерін (Ұ-Ū, І- Ϊ) енгізу мәселесін көтерді. Бұл басқа түркі халықтарының әліпбилеріндегі таңбаларды толық қамту үшін маңызды екенін атап өтті. Қазақстан тарапынан Комиссия жұмысын жетілдіруге байланысты басқа да ұсыныстар беріліп, олар қолдау тапты. Қазақстаннан Комиссия мүшелігіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Е. Тілешов және А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Күдеринова енгізілген.
4-сессияны Түркі Академиясының басшысы Ш.Мұстафаев жүргізді. Отырыстың қортынды құжаттары қабылданды.
Сессияларда әліпби түзудің ортақ ғылыми принциптері, жазу және орфография бойынша өзекті мәселелер және үйлесімді жұмыс атқарудың алгоритмдері нақтыланды.
Жалпы Түркі әлемі ортақ әліпбиі комиссиясының І отырысы латын әліпбиін қабылдаған және Қазақстан Республикасы сияқты жаңа әліпби қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізудегі мемлекеттер үшін аса маңызды шара болды.
Қатысушылар кезекті отырысты 2024 жылы Баку қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткізуге уағдаласты. Комиссияға төрағалық ету Әзербайжан тарапына берілді.