ТІЛ САЯСАТЫ КОМИТЕТІ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗЕДІ

ТІЛ САЯСАТЫ КОМИТЕТІ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСТАРҒА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗЕДІ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» тақырыбында республикалық семинарын ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңның 7-бабына сәйкес азаматтардың құқықтарын тілдік белгісі бойынша кемсітуге жол берілмейді. Ал Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның 16-бабына сәйкес ақпарат иеленушінің интернет-ресурсындағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуі тиіс.

Іс-шараның басты мақсаты: мониторинг жүргізілетін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлерін жұмыс барысымен, мониторинг критерийлерімен таныстыру, быылтырғы жылғы мониторинг бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасау.

Бұл жөнінде Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Ходжабергенова: «Интернет-ресурс күнделікті ақпарат көзі. Сол себепті тіл тазалығын сақтау бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, жыл сайын Мемлекеттік бағдарлама аясында «Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» жобасы іске асырылуда. Биыл мониторинг жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басқармаларының, полиция департаменттерінің, ұлттық компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің, әуе компаниялары мен әуежайлардың, қоғамдық тұтыну сервистерінің, құрылыс компанияларының, жекеменшік мектептердің, туристік агенттіктердің және қоғамдық қорлардың ресми сайттарына жүргізіледі. Жалпы 105 сайт қамтылады. Бұл бағыттағы жұмыс қазан айына дейін жалғасады», - деп атап өтті.

Г.Ходжабергенованың айтуынша, былтырғы мониторинг барысында көрсеткіштері төмен болған 52 мекеме биылғы мониторингпен қайта қамтылады.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы, Комитеттің басқарма басшысы Рахымжанов Қайыржан аталған бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева білім беру мекемелерінің ресми интернет-ресурстары туралы баяндама жасады.

Анықтама үшін: 2022 жылдың сәуір-қыркүйек айларында 105 мекеменің ресми сайты тексерілді (әуежайлар – 17, жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басқармалары – 20, ұлттық компаниялар мен әуе компаниялары – 32, екінші деңгейлік банктер – 14, полиция департаменттері – 12, қоғамдық тұтыну сервистері – 10). 100 мекемеге ескерту хаттары жолданып, 22 мекеме өздерінің ресми сайттарына ескертуге сай түзетулер енгізді.