Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен 2023 жылғы 31 наурызда Тараз қаласында «Тіл – татулық тірегі» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өткізілді.
Аталған шара Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының 114-тармағын (тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген түрлеріне бір уақытта табанды қарсы тұрып, оның алдын алу және болдырмау, сондай-ақ мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру) орындауға бағытталған.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту мәселесіне жауапты басшылары, Жамбыл облысының тіл жанашырлары, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары мен оқытушылары, полиция департаменті, ішкі саясат, қоғамдық даму, білім, мәдениет басқармаларының басшылары, этнос өкілдері қатысты.
Республикалық дөңгелек үстелді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов пен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев кіріспе сөзбен ашып, сәттілік тіледі.
Дөңгелек үстел отырысында сөз алған Ішкі істер министрлігінің өкілі елімізде орын алған тілдік кемсітушіліктермен күрес, олардың туындауына жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндаса, орыс, дүнген, кәріс, өзбек этностарының өкілдері мемлекеттік тілді қалай оқып-үйренгендері туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Шараны ұйымдастырушы тарап қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын назарға алды.