ТЕРМИНДЕРДІ НОРМАЛАУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ ЖАСАЛА БАСТАДЫ

ТЕРМИНДЕРДІ НОРМАЛАУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ  ЖАСАЛА БАСТАДЫ
2022 жылғы 23 қараша күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен іске асырылып жатқан «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасының жылдық қорытынды семинары өтті.
Ашық ақпараттық кеңістіктің әсерімен өмірімізге дендеп еніп жатқан шеттілдік салалық терминдер лингвистикалық сараптамадан өткізіліп, Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілуде. Әйтсе де терминдер жүйесін жетілдіру мен біріздендіру тұрғысында қордаланып қалған біраз мәселе бары даусыз. Мәселен, бір ғана ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде шеттілдік терминдердің үлес салмағы 25%-тен 70%-ке дейін өскен. Осы ретте 2022-2024 жылдар аралығында бекітілген терминдерге мониторинг жасау жобасын іске іске асыру жоспарланып отыр. Басқосу барысында осы жобаның алғашқы қорытындысы жан-жақты сараланып талданды.
Отандық терминология саласы бойынша жылдың түйінді іс-шарасын сөз сөйлеп ашқан Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғ. Абзалбек жүргізіліп жатқан мониторингтің қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудағы маңыздылығына тоқталып, бұл жобаның міндеттік сипаттағы нормативтік терминологиялық сөздік әзірлеуге негіз бола алатынын атап көрсетті.
Жобаны іске асырушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Жамалбекқызы Айдарбек «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу жұмысының нәтижелерін» сөз етсе, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Сейсенбекұлы Жонкешов «Мониторинг жүргізу барысындағы қиындықтар» тақырыбында сөз сөйлеп, жобаның таныстырылымын көрсетті.
Бұдан кейін жобаның тәуелсіз сарапшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сабира Сағынбекқызы Исақова, негізінен, жобаның маңыздылығын атап көрсетсе, «KazDevLab» ЖШС бағдарламашысы Перизат Абдураимова жоба бағдарламасының сапалық көрсеткіштерін сөз етті.
Іс-шара қорытындысында ғалымдар, мемлекеттік орган қызметкерлері, студенттер пікір алмасып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.