
2022 жылғы 11 қарашада «Шеттілдік ғылыми терминдерді аудару: теориясы мен тәжірибесі» атты республикалық ғылыми-әдістемелік онлайн конференция өтті.
Конференция жұмысына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, «Тұран-Астана» университетінің, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның жетекші ғылыми қызметкері қатысты.
Шараны ашқан Тіл саясаты комиетінің төрағасы Әділбек Қабаев «Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары жат сөздерді термин ретінде қабылдау үшін төл тіліміздің табиғатына үйлестіріп қалыптастыру керек деген ұстанымда болған. Ғылыми ортада бүгін талқыланатын мәселелер шеттілдік терминдерді ұлттық сипатта дамытуға, игерілген терминдердің ғылыми айналымға түсіуіне жол ашады деген сенімдемін» - деп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Шараның күн тәртібіне сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының шеттілдік атауларды бейімдеуге қатысты ұстанымдары, терминдерді аударудағы Түркия елінің тәжірибесі, ағылшын тілінен аударылған терминдерді игеру мәселесі, баспасөз беттеріндегі экономикалық аударма терминдерді қолдану және ғылыми-техникалық терминдерді аудару ерекшеліктеріне талдау жасалды.
Шараға қатысушылардың ұсыныс, пікірлері ескеріле отырып, қарар қабылданды.
Республикалық ғылыми-әдістемелік онлайн конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен ұйымдастырылды.