Астана қаласында «Ұлттық сипаттағы бизнес терминдері» республикалық байқауына қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті.
Байқау бизнестегі ұлттық терминдерге жалпылық сипат беру, олардың қолданысын жүйелендіру, шеттілдік терминдерді игерудің ұтымды механизмін іздестіру арқылы кәсіби терминшілер легін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға қатысқан студент, тіл мамандары, ғылыми қызметкерлер т.б. сала мамандарының жас ерекшелігі 18-55 жас аралығын қамтыды.
«Термин талқы», «Терминдер сөйлейді», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Терминтүзер» деп аталатын төрт кезеңнен тұрған байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдеге Астана қаласындағы «Заңнама және құқықтық ақпарат институтының» жетекші ғылыми қызметкері Махамбетова Айгүл Көбейсінқызы лайық деп танылды.
І орынды «KAZGOR» жобалау академиясы» жеке шағын серіктестігінің бас аудармашы-редакторы Иса Гүлфаруз Исақызы;
ІІ орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1 курс магистранты Масек Назерке Мұратқызы;
ІІІ орынды Павлодар педагогикалық университетiнің мемлекеттiк тiл жөнiндегi маманы Асылбеков Ерболат Калымжанұлы;
ІІІ орынды Заңнама және құқықтық ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Нұрбаева Нұрқыз Арысбекқызы иеленді.
Байқау барысында ізденімпаздығы, ұлттық сипаттағы ғылыми терминдерді қалыптастыруға деген белсенділігі үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ корректор-аудармашысы Т.С.Есқожаеваға, аталған оқу орнының магистранты М.А.Құдайбергеноваға, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры А.А.Рамановаға, Халықаралық білім беру корпорациясының оқытушысы Ж.М.Жампейісоваға, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты А.Қ.Қожахметке ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Байқау қатысушылары ұсынған терминдер Мемлекеттік терминология комиссиясының қарауына шығарылатын болады.
Шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.