Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткен «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жеңімпаздарын марапаттады.
Онлайн форматта өткен дәстүрлі шараның негізгі мақсаты: қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру.
Акцияның талабы бойынша әр үміткер Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқып, фейсбук әлеуметтік желісіне жариялады.
«Астарына үңілсек, Ахаңның ғақлия сөздерін жүрегімен жатқа айтудың ар жағында елге деген сүйіспеншілік, адалдық, еңбекқорлық, ар-намыс тәрізді үлкен адамгершілік құндылықтар жатыр. Шараға еліміздің барлық өңірлерінен 25 этнос өкілдерінен тұратын 170 адамның қатысуы соның айғағы іспетті» - деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.
Қатысушылардың жас ерекшелігі әрқилы. Ең жас қатысушы Алматы облысы, Қарасай ауданы Еңбекші ауылдық орта мектебінің 4-сынып оқушысы Умеров Эмир болса, көш басында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана Татьяна Ильина тұр.
Орыс, әзірбайжан, өзбек, неміс этносы өкілдері көптеп қатысқанын айта кеткен жөн. Биыл рутул этносының өкілі акцияға алғаш рет қатысты. Қатысушылырдың саны жағынан Атырау, Жамбыл облыстары көш бастап тұр.
Акцияда Ахаңның «Оқуға шақыру» шығармасы 33 рет оқылды.
«Жүзден – жүйрік» жеңімпаздарды анықтау бейнематериал астындағы «лүпіл» саны арқылы анықталды. Нәтижесінде Маңғыстау топ жарды:
Бас жүлде: Гасангусейнова Виктория, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері;
І орын: Халиулина Ұлболсын, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, №7 мектептің 7-сынып оқушысы;
ІІ орын: Игнатьева Алина, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Абай атындағы гуманитарлық колледждің студенті;
ІІІ орын: Грибенюк Роман, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Бірлік ауылы, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы мектептің 7-сынып оқушысы;
Ынталандыру сыйлықтары:
1) Гавхарбекова Гузал, Түркістан облысы Сайрам ауданы №75 мектептің 6-сынып оқушысы;
2) Юнусметова Гульрух, Шымкент қаласы, №14 мектептің 7-сынып оқушысы;
3) Греб Маргарита, Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 8-сынып оқушысы;
4) Асланова Зарифа, №14 мектептің 7-сынып оқушысы.
Акцияның Бас жүлдегеріне 100 мың теңге сыйлық табысталады.
Акция Ұлт ұстазының тау тұлғасын одан әрі асқақтата түскендей болды.