Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына орайластырылған «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауы биыл Қарағандыда өтті.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен ұйымдастырылған бұл шараға қатысу үшін, еліміздің 12 өңіріндегі қазақ тілін жетік меңгерген этнос өкілдері жиналды.
Басты талап: медицина саласында оқып жүрген студент немесе денсаулық сақтау саласы ұйымының қызметкері болуы тиіс.
Кіл жақсылар 4 кезеңнен тұрған байқау барысында қазақ тілінде өздерін шығармашылық тұрғыдан таныстырып, өнерлерін көрсетті, берілген тақырыпта ой толғап, қойылған сұрақтарға мазмұнды жауап берді және мақал-мәтел сайысында бір-біріне дес бермеді.
Қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырларынан, лингвист ғалымдардан құралған әділқазылар алқасы қатысушылардың дайындықтары мен қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалай келе, келесідей шешім шығарды:
Бас жүлде: Махмудова Розалина, Астана қаласы;
І орын: Рустамжанов Сардорбек, Шымкент қаласы;
ІІ орын: Мамедова Фатима, Түркістан облысы;
ІІІ орын: Юсупов Сайдали, Солтүстік Қазақстан облысы;
ІІІ орын: Сайдалимов Руфат, Алматы облысы.
Былтырғы байқауда Ақмола облысының тұрғыны Ирубаева Анастасия Бас жүлде иеленген болатын.
Республикалық байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыруға бағытталды.