Кеше «Astana hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ІТ-жобалардың таныстырылымы өтті.
10 қатысушы онлайн және офлайн форматта Тіл саясаты комитетіне дайын және жобаланып жатқан өнімдерін таныстырды.
Ұсынылған өнімдер мазмұны мен мақсаты жағынан әр-түрлі және іске асырылған жағдайда қазақ аудиториясының сұранысын толықтай қанағаттандыра алатындай деңгейде.
Мәселен, Маржан Қалданқызы «Audaru» платформасымен таныстырды. Бұл – қоры 500 000 аударманы қамтитын Қазақстандағы алғашқы қазақ-ағылшын тілі онлайн сөздігі. Кез келген адам сөздікте жоқ сөздерді енгізіп, сөздік қорын толықтыруға өз үлесін қоса алады.
Көңілден шыққан жобалардың тағы бірі «Speech Lab» дыбысты синтездеу жобасы. Динара Алимованың айтуынша бұл жобаның ерекшелігі – сөзді бірден мәтінге және керісінше мәтінді дыбысқа айналдырады, жиындар мен отырыстардың цифрландырылған жазбасын алуға мүмкіндік береді. Осының барлығы көру қабілеті нашар азаматтардың проблемасын да ішінара шешуге мүмкіндік береді.
Бұл жоба іске асқан жағдайда басқа әлемдік сервистермен интеграциялау арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге мол мүмкіндік бермек. Мәселен «Яндекс.Аударма» платформасында қазақ тіліндегі мәтіндерді дыбыстандыру қызметі жоқ. Ал бұл жоба осындай мүмкіндікке жол ашады.
Келесі бір жоба қазақ халқының мәдени мұрасын, атап айтқанда, 1200-ден астам ең танымал туындыны қамтитын «Qonzhyq.app» мобильді қосымшасы. 500-ден аса халық әні, 150-ден аса ертегі, 450-ден астам әртүрлі ұлттық аспаптардағы күйлер, балалар әндері және бесік жырлары және т.б. бөлімдер қарастырылған бұл жобаның балалар мен ата-аналарға, балабақша тәрбиешілеріне берері мол.
Телеграмдағы чат-бот пен инстаграм (@kaz_uroki) арқылы қазақ тілін үйретіп жүрген Сергей Хван да өзінің тіл үйретуге бағытталған жобасымен таныстырды. Бүгінде жоба арқылы 3000 адам қазақ тілін оқып, 25 оқытушы жұмыс орындарын алып отыр.
Жалпы бұл кездесудің басты мақсаты тіл саясатын іске асырудың маңызды тетігі ретінде дайын немесе жобаланып жатқан ІТ-өнімдерге шолу жасап, осы нарықтағы ІТ-мамандармен танысу болды.
Қазақстандық нарықта қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі жобалар әзірленуде. Комитет тарапынан осы жобаларға негіз болатын дыбыстық қор әзірлеу жұмыстарын жүзеге асыру жолдары қарастырылатын болады.
Алдағы уақытта «Astana hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркімен бірлесіп, тіл саясаты саласына қатысты тиімді ІТ-жобаларды іске асырылады деген сенімдеміз.