ТІЛДІ ОҚЫП, ҮЙРЕТУДІҢ ЗАМАНАУИ ЖОЛДАРЫН МЕҢГЕРУ МАҢЫЗДЫ

ТІЛДІ ОҚЫП, ҮЙРЕТУДІҢ ЗАМАНАУИ ЖОЛДАРЫН МЕҢГЕРУ МАҢЫЗДЫ
Бүгінгі таңда тіл оқыту процесін цифрландырудың маңызы зор. Сол себепті әр оқытушы өз сабақтарында, курстарында заманауи мобильдік қосымшалар мен электронды платформалардың мүмкіндіктерін тиімді қолдана білуі тиіс.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен оқыту процесін заманауи технологияларға бейімдеуге бағытталған халықаралық онлайн-семинар өтті.
23-25 тамыз аралығында «Шетелдіктерге қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері» тақырыбында өткен халықаралық біліктілікті арттыру онлайн-семинары жұмысына АҚШ, Германия, Испания, Польша, Түркия, Ресей, Иран Ислам Республикасы, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден 100-ге жуық адам қатысты.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов: «Біз қалайық, қаламайық жаһанданудың ішіндеміз. Күні кешегі «оқыту», «білім беру» дегеніміз белгілі бір ақпаратты беру және оны қайта мазмұндау деген тар түсінік аясынан шығып, алынған білімді күнделікті өмірде қолдану, адамзаттың игілігіне жарату болып өзгерді. Білім алушыларға тек жаңа ақпаратты беріп қана қоймай, оларды сыни тұрғыдан ойлауға итермелеу, анализ жасау, оны қолдануды үйрету – әр оқытушының алдында тұрған үлкен міндет», – деп атап көрсетті.
Шара барысында Сүлейман Демирел университеті MDE орталығының ғылыми координаторы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Райхан Абнасырова мен осы білім ордасының оқытушысы Əлия Закария қатысушыларға тақырып аясында құнды ақпараттар берді.
«Тіл-Қазына» орталығы Əдістеме басқармасының ғылыми қызметкері Айгүл Орманова Тіл саясаты Комитетінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан «Абай институты» жобасы туралы әңгімеледі.
Айта кетелік, «Абай институты» шетелдердегі қазақ диаспоралары мен ирреденттерінің қазақ тілін орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері арқылы меңгеруге мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Шетелдегі қандастарымызға, шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушылардың цифрлық сауатын арттыру мақсатында ұйымдастырылған халықаралық семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.