
Анкарада қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, қоғам қайраткері, дана Абайдың 175 жылдығына арналған концерт өтті,-деп хабарлайды www.trt.net.tr сайты.
Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті елшілігінің қолдауымен өткен осынау концерт арқылы Түркияда Абай жылы ашылды.
Түрік әлемінен келген әншілер мен ТР Президенттік симфония оркестірінің Анкара төріндегі ортақ концертіне жиналған қауым залды лық толтырды.

Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Абай жөнінде өткізілетін әрбір шараның ұлы дананы одан әрі жақсы түсінуге септігін тигізетінін айтты.
«Абайды таныстыру үшін алдымен Абайды жақсы тани білу қажет»,- деді ол.
Еуразия Жазушылар одағы төрағасы Якуп Өмероғлу: «Абайдың сөздері - бүгінгі қазақ ұлты үшін, түркі әлемі үшін жол көрсетуші. Абай әлемі түркі әлемі деген сөз. 2020 Абай жылы құтты болсын. Абайды таныған сайын қазақ ұлтын тани түсінеміз»,- деді.
Осы шараға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов министрліктің Абай жылына арналған іс-жоспарларымен көпшілікті таныстырды:
«Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз халқын өссін, өнсін дейтін әрбір азамат Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын деп, ұлы ақынның 150 жылдық салтанатында хәкім Абайды ерекше мақтан тұтқан. Сонымен бірге маңызды шаралардың бірі 2020 жылдың қазан айында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Абай шығармашылығын шетелдік қауымдастық арасында жариялау арқылы отандық тарих пен мәдениетті әлемдік кеңістікке паш ету мақсатында тиісті мәдени іс-шаралар жоспарланып отыр»,- деді.
Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған тамаша шараға келгендерге ризашылығын білдірді.
«Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық болмысымыздың айнасы, ұлы ойшыл ақын мұрасының бауырлас Түркияда ерекше құрметпен, қошеметпен бүгін бастау алып отырғанына дән ризамыз.Ұлттық сананы жаңғыртып, бәсеке қабілеті жоғары ұлыс қалыптастырғымыз келсе, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз қажет. Үйренуіміз керек. Оның қоғамдық ұйымшылдық және жаңалануға байланысты көзқарастары бүгінгі Қазақстан үшін де өміршең маңызда. Осы тұрғыдан ақиқат пен өлмес құндылықтың өкілі Абай - халқымыздың болмыс, егемендік және алға басу арманының жол көрсетушісі, жұлдызы»,- деді ол.
Қазақстандық атақты дирижер Ерболат Ахмедьяров басқарған концертте Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Гагауыз елінің әншілері Түркия Республикасының Президенттік Симфония оркестрінің сүйемелдеуімен Абай әндерін шырқады.
Мысалы әзірбайжандық сопрано Элеонора Мустафаева «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамылжыта орындаса, түріктің теноры Левент Гүндіз «Айттым сәлем, Қаламқасты» шырқады. Әзербайжанның әншісі Ильхам Назаров «Жарқ етпес қара көңілім» әнін орындап, Өзбекстаннан келген Феруза Юсупова «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін майын тамызып шырқады.
Қазақстандық операшылар мен әншілер Зарина Алтынбаева, Талғат Мұсабаев, Клара Түленбаева, Шахимардан Абилов та ұлы ақынның керемет сазгерлігін паш ететін әндерін Анкара төрінде әуелетті. Раушан Бескемпірова әншілерді пианинода сүйемелдеп, қырғыз Телек Найманбаев «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнін құлақтың құрышын қандырып айтып берді.
«Түрік әлемі – Абай әлемі» атты концерт соңында әншілер оркестрдің сүйемелдеуімен Абайдың «Көзімнің қарасын» бірге шырқады.