
Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-әдістемелік ұстанымдары күні бүгінге дейін өзектілігін сақтап келеді.
Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған ұлы ұстаз атындағы дәстүрлі байқау ғалымның лингвистика саласындағы еңбектерін зерделеу арқылы қазақ тілін оқыту сапасын арттыруды мақсат етеді.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өткен биылғы республикалық байқау қазақ елі тарихының темірқазығы Таразда өтті.
Байқауға облыстық кезеңдегі іріктеуден өтіп, жүлдегер атанған 12 үміткер қатысты.
Үміткер қазақ тілін оқытудағы жеке тәжірибелері негізінде авторлық бағдарламасын ұсынды, Ахмет Байтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне, ғылыми тұжырымдарына қатысты сұрақтарға жауап берді, аудиториямен жұмыс жасау қабілеттерін көрсетті.
Байқау жыл сайын дәстүрлі негізде өткізіліп келе жатқандықтан, қатысушылардың да дайындықтары тың екені байқалды.
Байқауға қатысушыларды бағалаған қазылар алқасының мүшелері бас жүлдені Қызылорда облысы тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Алтынай Орынбаеваға табыстады.
Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гүлдерайым Болатқызы 1-ші орын иегері атанды.
Екінші орынға Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Фариза Боранғазы мен Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Шыңғысхан Түменбаев лайық деп танылды.
Үшінші орынды Павлодар облысы Ақсу қаласының мәдениет және тілдер бөлімінің әдіскер-оқытушысы Тәттігүл Бекенова, Ақмола облысы Ақкөл ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гайнель Дүйсенбаева, Қостанай облысы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Міркемелова теңдей бөлісті.
Байқауға қатысқан оқытушылар мен әдіскерлердің мемлекеттік тілді оқыту процесін жетілдіруге қосып жүрген еңбектеріне жеміс, сәттілік, жұмыстарына табыс тілейміз!