ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШ РЕТ «АНА ТІЛІН ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН» ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ

ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШ РЕТ «АНА ТІЛІН ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН» ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен «Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Басқосуда тіл саласын ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан белгілі лингвист ғалымдар, тіл үйрету жобаларының авторлары мен әдіскерлер мемлекеттік тілдің өзекті мәселелеріне қатысты пікірлерін ортаға салып, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жолдарын талқылады.
Министр білім ошақтарындағы тілдік ахуал, қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету, терминология, мемлекеттік тілді оқып-үйренуге арналған ІТ өнімдерді жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Соның ішінде Қазақ тілінің ұлттық корпусы ерекше аталып өтті.
Шара аясында министр тіл саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, ғылыми монографиялар, әдістемелік құралдар, ІТ жобалар, басқа да сүбелі еңбектердің авторлары болып табылатын ғалымдар мен жоба авторларын «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Тіл жанашырларын ведостволық төсбелгімен марапаттау рәсімі алғаш рет өткізілді. Саланың дамуына ерекше үлестерін қосып жүрген азаматтарды ынталандыру алдағы уақытта да жалғасын табады.