ТІЛ КОМИТЕТІ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗДІ

ТІЛ КОМИТЕТІ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗДІ
Сізге бір мекеме жайлы ақпарат керек болды делік. Ақпаратты қайдан іздейсіз? Әрине, сол мекеменің немесе мемлекеттік органның сайтын ақтара бастайсыз. Қарай келе қайран қаласыз. Өйткені, көп сайттың қазақшасындағы қателерден көз сүрінетіндігін былай қойғанда, тіпті кейбірінде қазақша мәлімет мүлде болмай шығады. Болса да орысшасына қарағанда мардымсыз...
Жалпы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметі бойынша республика бойынша 890 интернет-ресурс (БАҚ) тіркелген.
Комитет тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Білім және ғылым министрінің операциялық жоспарына сәйкес осы 980 интернет-ресурсқа тексеру жүргізеді.
Әрине, белгіленген 3-4 айдың ішінде бұл интернет-ресурстардың барлығын тексеріп шығу мүмкін емес. Сондықтан біз тексеруді жыл сайын кезең-кезеңімен жүргізіп келеміз.
Былтыр 180 мекеменің ресми сайтына мониторинг жүргізілді. Осы мониторингтің қорытындысы бойынша 197 ескерту хат жолданды.
Қайта жасалған мониторинг бойынша белгілі болғаны, 89 мекеме жолданған ескертулерге қатысты түзету енгізбеген.
Міне, сондықтан да бүгін еліміздегі жекелеген әкімдіктердің жұмыспен қамту жөніндегі инспекциясының, полиция департаменттерінің, ұлттық компаниялардың, банктердің, әуежайлардың, қоғамдық тұтыну сервистерінің жауапты мамандарын қатыстыра отырып«Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы аясында «Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу» тақырыбында онлайн семинар өткіздік.
Семинардың мақсаты – мониторинг жүргізілетін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарды тексеру жұмысы нәтижесімен таныстыра отырып, сайттардың сауаттылығы тұрғысында жасалатын жұмысты ұйымдастыру мен мониторингтің критерийлерін таныстыру.
Енді осы мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар мекеме (ұйымдарда) ортақ кездесетін кемшіліктерге тоқталайын:
- Кез келген мекеменің (кәсіпорынның) ресми сайттары бірден мемлекеттік тілде ашылуы керек. Осыған баса назар аударылмайды. «ҚР-дағы тіл туралы» ҚР Заңына сәйкес басымдылық мемлекеттік тілге берілу керек;
- сайттардағы ақпараттардың басым бөлігі тек орыс тілінде жүктеледі. Оған сайттарда қазақ тілінде ашылған кейбір бөлімдердің ақпаратсыз бос тұруы немесе орыс тіліндегі ақпаратты ғана орналастырылуы дәлел. Сонда қазақ тілді оқырман өзіне қажетті ақпаратты немесе мәліметті қайдан алуы керек?;
- парақшаға орналастырылған кей ақпараттың қазақ тіліндегісінің көлемі орысшасынан әлдеқайда аз.
Ақпаратты сығымдап, мазмұнын ғана бере салады. Көп жағдайда ақпарат бірінші орыс тілінде дайындалып, одан кейін қазақ тіліне сапасыз аударылатыны байқалады. Осыған байланысты сайттарда көбінесе қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасы өте төмен. Сайт иелерінің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауының нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік тілде ақпарат алу құқы бұзылады.
- ресми сайттарға мемлекеттік тілдегі ақпараттар дер кезінде орналастырылмайды. Керісінше, орыс тіліндегі ақпараттар бірінші кезекте және уақытында орналасады.
- кейбір ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың сайтында мемлекеттік тілдегі ақпараттар тексерусіз, корректорлық түзетулер жасалмастан орналастырылады. Сол себепті ақпаратта орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателер орын алады.
Семминар барысында ақпарат көздеріндегі осындай сауатсыздыққа жол беруге болмайтыны баса айтылып, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты қызметкерлерге шара қолданылатыны ескертілді.
Биылғы жылы мониторинг жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басқармаларының, полиция департаменттерінің, ұлттық компаниялардың (акционерлік қоғамдардың), екінші деңгейдегі банктердің, әуе компаниялары мен әуежайлардың, қоғамдық тұтыну сервистерінің ресми сайттарына, мобильдік қосымшаларына жүргізілетін болады. Жалпы тексеру барысында 104 мекеменің сайты қамтылып, жұмыс cәуір айынан қыркүйек айына дейін жалғасады.
Биылғы жылы мониторингтен барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар босатылды. Өйткені мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына бірнеше жыл қатарынан мониторинг жүргізіліп, бұл бағыттағы жұмыс жолға қойылды.
Биыл Тіл саясаты комитеті мониторинг тізбесіне бірінші рет еліміздегі әуежайлар мен полиция департаменттерін, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар саласын, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармаларының интернет-ресурстарын енгізіп отыр.
Ал, екінші деңгейлік банктер мен ұлттық компаниялардың интернет-ресурстарын мониторинг барысында қайта қарайтын боламыз. Себебі, былтырғы жылғы мониторингтің қорытындысы бойынша Тіл саясаты комитеті, «Тіл қазына» ұлттық практикалық орталығы тарапынан бірнеше рет ескерту хаттар жолданды.
Ағымдағы жылы өткізілетін мониторинг барысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Сайттарды тексеру критерийлері жасалды. Осы критерий бойынша бағалау жүргізетін боламыз. Нәтижесінде төмен балл жинаған мекемелер (ұйымдар) келесі жылы қайта тексеріледі. Керісінше, жоғары балл жинаған мекемелер (ұйымдар) мониторингтен босатылады, бұл одан кейін жұмысты бәсеңдету емес, одан әрі жандандыру дегенді білдіреді. Олардың орнына биылғы жылы мониторингте қамтылмаған басқа сайттарды тізімге енгізетін боламыз.
Бұл мониторингтің мақсаты – жоғарыда атап өткен 890 интернет-ресурсқа көмек көрсету, орын алған қателерді уақытында түзетуге кеңес беру.
ӘДІЛБЕК ҚАБА,
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Тіл саясаты комитетінің төрағасы