Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарын бастады. «Ана тілі» орталығында өткізілетін бұл курстармен биыл 6000-нан аса адамды қамту жоспарланған.
Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ тұрмыстық, әлеуметтік, ресми-іскери мазмұндағы лексиканы тіл қолданушыға меңгерту және ой-пікірін қарапайым деңгейде жеткізуге дағдыландыратын грамматикалық білік-дағдыларын қалыптастыру.
Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренетін болады. Аталған курс тыңдаушылары «ZOOM» платформасы арқылы курстарға онлайн түрде қатысуда. Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталады.
Жалпы облыс бойынша 2021 жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қазақ тіліне 5930 барлық санаттағы азамат тегін оқытылды. Осы жылдың соңына дейін аталған тегін курстармен 6000-нан аса адамды қамту жоспарланған. Тегін қазақ тілі курстарына Павлодар қаласы, Ак. Марғұлан көшесі, 115 мекенжай немесе 61-84-88 телефоны нөмірі арқылы жазылуға болады.